Елімізге белгілі педиатр-дәрігер Гүлшара Урмурзинаның 80 жылдық мерейтойы атап өтілді
4 Желтоқсан 2021, 15:48 171

Елімізге белгілі педиатр-дәрігер Гүлшара Урмурзинаның 80 жылдық мерейтойы атап өтілді

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда елімізге белгілі дәрігер, білікті басшы, ҚР Денсаулық сақтау ардагері, «Белсенді ұзақ өмір» қоғамдық қорының президенті Гүлшара Ғазизқызы Урмурзинаның 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Іс-шараны «ҚДСЖМ» Қазақстандық медициналық университетінің ректоры Ардақ Әуезова салтанатты түрде ашып, мерейтой иесін Қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға қосқан зор үлесі үшін жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ол Ғылыми кеңес берген Университеттің «Құрметті профессоры» атағын және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А. В. Цойдың атынан құттықтау хатын табыс етті.

Құрметті Гүлшара Ғазизқызы! Сіздің еңбек жолыңыз ерекше. Учаскелік дәрігер-педиатрдан бастап, еліміздің және Алматы қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатыстып, түрлі деңгейдегі басшылық қызметін атқардыңыз. Сіз-Қазақстанның медициналық қоғамдастығының танымал көшбасшысысыз,-делінген құттықтау хатында.
Гүлшара Ғазизқызы саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған жан. Оның тікелей бастамасымен құрылған медициналық орталықтар бүгінде халық игілігіне қызмет етіп келеді. Гүлшара Ғазизқызының басшылығымен Алматыда алғаш рет соматикалық балалар санаторийлері, аралас емханалар, мейірбике күтімі ауруханасы, перинаталдық орталық, Адам репродукциясы орталығы ашылды.

Іс-шара барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев құттықтау сөз сөйлеп, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының құттықтау хатын және «Еңбек қайраткері» медалін табыс етті.

Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері, әріптестері мен замандастары, шәкірттері қатысты.

Мерекелік шарада Гүлшара Ғазизқызы «Көшбасшылық» тақырыбында дәріс оқыды, ол оның өмірі мен еңбек қызметіне арналды. Соңында Гүлшара Ғазизқызы іс – шараны ұйымдастырушыларға - «ҚДСЖМ» ҚМУ, Алматы клиникасының қауымдастығына және «Қазақстандық медициналық кеңес» қауымдастығына ұмытылмас тамаша кеш үшін үлкен алғысын білдірді.

Урмурзина Гульшара Газизқызы 1966 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Педиатрия бойынша клиникалық ординатураны аяқтағаннан кейін Алматы Мемлекеттік Дәрігерлер Білімін Жетілдіру Институтында ординатор дәрігер, № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, № 3 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1978 жылдан бастап Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады. 

1985 жылы № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. ҚазКСР Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамын басқарды. 1987 жылдан бастап ҚазКСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1991 жылы Алматы қ. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. 1995 жылы Алматы қ. Міндетті медициналық сақтандыру қорын басқарды. 1999 жылы Қазақстанда алғаш рет «Хоспис» мемлекеттік қайырымдылық мекемесін құрды және бірнеше жылдар бойы басқарды.

Денсаулықты қорғау және нығайту ісіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін наградалардың, медальдар мен алғыс хаттардың иегері. Қазіргі уақытта «Белсенді ұзақ өмір» қоғамдық қорын басқарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «ҚР Денсаулық сақтау үздігі» (1992ж.) және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2011ж.) ведомстволық төс белгілерімен марапатталған.


Фото: дереккөз
Загрузка...