Бас жаңалықтар
Дәрілік препараттардың 77% дәрігердің рецептімен ғана босатылады
24 Мамыр 2019, 20:42 457

Дәрілік препараттардың 77% дәрігердің рецептімен ғана босатылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде тегін және ақылы дәрілік заттарға арналған рецептердің жарамдылық және сақтау мерзімдері өзгеріске ұшырады. Бұл жөнінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің ШҚО бойынша департаменті хабарлады. 

«Дәрілік препараттарды тек дәрігердің рецептімен ғана босату бүгін ғана бас көрсетіп отырған талап емес. Бұл міндет осыдан 15 жыл бұрын қойылған. Қазіргі уақытта осы мәселені реттейтін бұйрықтардың рецепті сақтауға арналған тармақтарына ғана өзгерістер енгізілген. Біздің сүйенетін басты заңымыз «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс. Ал басқа заңнамалық актілермен оған өзгерістер енгізіліп отырады. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы №288 бұйрығында қандай дәрілік препараттардың рецептуралық босатуға жататыны көрсетілген. Бұдан бөлек 2019 жылғы 15 сәуірдегі №36 бұйрықпен осыған дейін қолданыста болып келген №373-ші бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Аталмыш заңнамалық құжаттың 17-тармағына рецептердің, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде босатылатын дәрілік заттарға арналған рецептерді сақтау мерзімі 3 жыл, ал дәрілік заттарға, соның ішінде тегін және жеңілдікті шарттарда босатылатын репцетердің 3 айға дейін жарамды екендігі туралы өзгерістер енгізілді», - деді Фармация комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Құнапиянова. 

Жауапты тұлғаның айтуынша, жазылған рецепт бойынша пациенттің үш ай ішінде өзіне қажетті дәрілік препараттарды алуына мүмкіндігі болмақ. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрінің дәрілік заттар мен медициналық құрылғыларды көптеп және жекелеп сатуға арналған №713 бұйрығына да аталмыш министрліктің 2019 жылғы 25 сәуірдегі №53 бұйрығымен өзгерістер енгізілген. Яғни бұйрықтың 38-тармағы толықтай алынып тасталған. 

«Бұл жаңашылдық емес, бұрыннан бар талап. Біз барлық өзгерістер мен түзетулер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кеттік. Қазіргі уақытта Қазақстанда тіркелген 7792 дәрілік препараттардың 6033-і, яғни 77 пайызы дәрігердің рецептімен ғана босатылады», - деп қосты Нұргүл Есімханқызы. 

Бүгінде рецептпен немесе рецептсіз босатылатын дәрілік препараттар түрлерінің нақты тізілімі жасалмағанын алға тартқан ол барлық ақпарат дәрілік препараттардың сыртқы қабында көрсетілгенін айтады. Жалпы, босатылатын дәрі-дәрмек жайлы ақпаратты білгісі келген кез-келген азамат Ұлттық дәрілік заттар реестрінің dari.kz сайтына кіріп өзіне қажетті ақпаратты ала алатын көрінеді.

Қоса кетсек, біз бұған дейін Шығыс Қазақстанда жеңілдікпен берілетін рецепт бланкісі емханада емдеуші дәрігермен толтырылған соң пациентке қажетті дәрі-дәрмекті емхана қабырғасынан ұзамай алуына мүмкіндік жасалғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Атап айтсақ, бүгінгі таңда облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық емханаларда жеңілдікпен берілетін препараттарды тарататын дәріханалар мен дәрі-дәрмек пункттері ұйымдастырылған.  

 


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық