ШҚО-да дәрі-дәрмекті емханадан ұзамай алу мүмкіндігі жасалды

24 Мамыр 2019, 13:31
2545
Бөлісу:
ШҚО-да дәрі-дәрмекті емханадан ұзамай алу мүмкіндігі жасалды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық емханалар жеңілдікпен берілетін препараттарды тарататын дәріханалармен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Бүгінде дәрілік препараттарды рецептпен сату жұмыстары еліміздің Денсаулық сақтау министрінің «Рецептерді жазу, есепке алу және сақтау» қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Дәріханаларда дәрі-дәрмектерді тек дәрігердің рецепті бойынша сату талабы бүгінгі күні ғана бас көтерген мәселе емес. Бұл талап бізде 2015 жылдан бері бар. Жалпы, биылғы жылдың бірінші мамырынан бастап еліміздегі барлық дәріханаларда негізгі препараттарды тек дәрігердің рецептімен сату талабы күшейтілді. Дәрумендер, емдік шөптер жиынтығы, тамызатын дәрілердің кейбір түрлері рецептсіз сатылады», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова.

Жауапты тұлға бүгінгі таңда жеңілдікпен берілетін рецепт бланкілері емханалардағы емдеуші дәрігерлермен толтырылған соң пациенттер алысқа ұзамай қажетті дәрі-дәрмекті емхана қабырғасынан ұзамай алуына мүмкіндік жасалғанын айтады. Атап айтсақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық емханаларда жеңілдікпен берілетін препараттарды тарататын дәріханалар мен дәрі-дәрмек пункттері ұйымдастырылған.

«Яғни, дәрігерден дәрі-дәрмектің рецептін алған пациент өзіне қажетті препаратты алу үшін оны бүкіл қаланы аралап іздеуінің қажеті жоқ. Бүгінде «СК-Фармация» ЖШС өңірімізге жеңілдікпен берілетін препараттарды жеткізудің бірыңғай дистрибьюторы болып табылады. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын барлық тапсырыс берілген дәрі-дәрмектің 80 пайызға жуық көлемін жеткізген. Дегенмен, облыста дәрілік препараттардың жетіспеушілігі жоқ. Ал 10 пайыз дәрі-дәрмектің әзірге жеткізілмеуі тендерлік жұмыстардың жүргізілмеуімен байланысты», - деп қосты Айнаш Жұматайқызы. 

Өзгелердің жаңалығы