Елімізде қажетті деген 100 мамандық анықталып жатыр

20 Сәуір 2019, 15:36
2721
Бөлісу:
Елімізде қажетті деген 100 мамандық анықталып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оқушыны дайын ақпаратты ала салуға емес, оны өзі іздеп табуға машықтаған жөн. Бұл жөнінде Өскеменде өткен Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шарасын таныстырған дөңгелек үстел барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова мәлімдеді.

«Заман ағымына қарай оқу үрдісі үнемі өзектіленіп отыруы тиіс. Өйткені біз ағымы тез өзгеретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Жақын болашақта жастардың қазіргі алған білімдері ескіріп, қайта даярлықтан өтуге мәжбүр болуы да ғажап емес. Орта мектептегі актуализация дегеніміз не? Бұл ақпараттандыру, химия, физика, биология, информатика, математика пәндерінің тілдік пәндермен интеграциялануы, мектептегі жобалық-зерттеу жұмыстары. Оқушыларға дайын ақпаратты беру емес, олардың сол ақпаратты өзі тауып, жауаптарын өзі шығаруға үйрету қажет», - деді Күләш Ноғатайқызы.

Сонымен қатар колледждер мен университеттердің де заманға сай мамандарды даярлауын қамтамасыз ету керектігін алға тартқан Білім және ғылым министрі қазіргі уақытта ең қажетті деген 100 мамандықтың анықталып жатқанын тілге тиек етті.

«Биылғы жылы бұл мақсатқа ел бойынша бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінсе, осы қаражаттың бір бөлігі колледждерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге бағытталады. Ал 800 миллионы қажетті мамандықтарды үйрететін ұстаздарды дайындауға бөлінеді», - деді Күләш Шамшидинова.

Қоса кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда дарынды балаларға арналған сегіз мектеп материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылып, Семей қаласындағы медициналық колледжге студенттер жатақханасы сатып алынған болатын. Сегіз білім ордасы толықтай жөндеуден өткізіліп, 167 білім беру мекемесі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Wi-Fi желісімен қамтылған болатын.

 

Өзгелердің жаңалығы