Еліміз бойынша 3 жылда 121 мыңнан астам ескі көлік жойылған

6 Желтоқсан 2019, 13:16
1419
Бөлісу:
Еліміз бойынша 3 жылда 121 мыңнан астам ескі көлік жойылған
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде ескірген заттарды қайта өңдеу немесе біржолата жою жұмыстары жүргізіліп келе жатқалы біраз уақыт болды. Әсіресе ескі көліктер мен қатты қалдықтар, табиғи жағдайда өздігінен жойылып, шіріп, органикалық айналымға түспейтін заттарды өңдеу мәселесі күнтәртібінен түскен емес.

Осы бойынша Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) қағидасы 2016 жылы енгізілді. Алғашында ол автокөлік және оның компоненттеріне таралды. 2017 жылы тауар қаптамаларына нөлдік мөлшерлеме қолданылды (өндірушілер мен импорттаушылар қайта өңдеу үшін төлем жүргізген жоқ).

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің қазақстандық моделі отандық және импорттық өнім қалдықтарын жинаудың, тасымалдаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың кешенді жүйесін кезең-кезеңімен құруды көздейді. 
Қазіргі уақытта бүкіл әлемде шамамен 400-ге жуық ӨКМ моделі әрекет етеді. Олардың көбі мемлекеттік емес. Және олардың басым бөлігі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде қолданылады.  Әрі ӨКМ қағидатын іске асыру үшін жауапты Операторларды таңдап алуға мүмкіндік берген, - дейді журналистермен кездесу кезінде еліміздегі "ӨКМ операторы" ЖШС директоры Медет Құмарғалиев.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өңдеу деңгейі 2,7% болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 13,2%-ға жеткен. Елбасымыздың "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көлемі кемінде 40%-ға жеткізу межесі қойылған.
Оператордың 3,5 жыл ішінде атқарған нәтижелі қызметінің бірі – көлік құралдарын қайта өңдеу саласын жаңадан құруы. 2017 жылы Қарағанды облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары технологиялы зауыт салынды. Сол арқылы жаңа технологияларды қолдану арқылы істен шыққан көлік құралдарын 90%-ға дейін кәдеге жаратуға жол ашылды. Ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы (құнын төлеу және жеңілдік сертификаты) бойынша 121 477 көлік қабылданды. Соның 102 000 зауытта қайта өңделді. Жеңілдік сертификаты бағдарламасы аясында отандық автокөлік өндірушіден 20 646 жаңа көлік сатып алынды. Ескі көлік тапсырғандарға 11,5 млрд теңге қаражат аударылды, - дейді мекеме басшысы. 

Оның айтуына қарағанда оператордың қолдауы арқылы 75 мың тонна ескі дөңгелек кәдеге асқан. Пайдаланылған аккумуляторлардың 95 % қайта өңдеуге жіберілсе, 12 782 тонна пайдаланылған көлік май қайта өңделді. 
ӨКМ тетігі  арқасында автокомпонент қалдықтарын жинау және қайта өңдеу саласында 11 жаңа кәсіпорын құрылып, 440 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдары 120 364 тонна қаптама қалдығы, 15 060 тонна полимер, 279 тонна метал ыдыс, 28 406 тонна шыны,  76 619 тонна қағаз және картон қаптама қалдығы жиналды және қайта өңделді. Барлық автокомпоненттер мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, оларды қайта өңдеуге 11,475 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 5,275 млрд теңгесі автокомпонент қалдықтарына жұмсалса, 6,2 млрд теңге ҚТҚ бағытталды,  - дейді Медет Құмарғалиев. 

ӨКМ Операторының қаржылай қолдауымен еліміздің 10 аймағында және Нұр-Сұлтан қаласында қалдықты бөліп тастауға арналған 12 196 контейнер қойылған. Қазақстанның 8 өңірде 147 қабылдау пункті орнатылып, 28 мамандандырылған автомобиль сатып алынған. Сонымен қатар 11 аймаққа сынапты шамдар мен батареяларға арналған 2 321 контейнер қойылды.
ӨКМ Операторы қызметінің стратегиялық даму бағыты – қалдықтарды кешенді басқарып, қоршаған ортаға тиетін әсерді азайту. Сонымен қатар қалдықтарды кәдеге жарату және оны энергия көзіне айналдыру. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау жүйесін жекелеген аймақтарға енгізу. Сұрыптау кешендерін іске қосып, қалдықтан энергия мен табыс әкелетін, жаңа зауыт тұрғызатын инвесторлар тарту, - дейді ол. 
 
Сонымен қатар ӨКМ басшысы бұл салада, әсіресе қатты тұрмыстық қалдықты жинауда мектеп оқушылары ерекше белсенді екенін атап өтті.
Өзгелердің жаңалығы