Елдегі бірқатар жылу электр орталықтары газға көшеді
04 Қараша 2021, 13:45 108

Елдегі бірқатар жылу электр орталықтары газға көшеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысы барысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. Оның айтуынша, экологиялық жағдайды жақсартудағы тағы бір маңызды мәселе – жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру болып табылады.

Сондай-ақ министр таза генерациялау көздерін пайдалана отырып, жаңа станцияларды салу қажеттігін алға тартты.

Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобалары аяқталады. Ал Алматы қаласында орналасқан үш жылу электр орталықтарын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қуаты 1300 МВт құрайтын болады. Жоба 2026 жылға дейін аяқталады деп күтілуде, - деді ведомство басшысы.

Бұған қоса, еліміздің онтүстігінде 2150 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу мәселесі пысықталуда.

Атап айтатын болсақ, Түркістан облысы – 1000 МВт, Түркістан қаласы – 50 МВт, Талдықорған – 450 МВт, Қызылорда – 250 МВт, ERG – 400 МВт-ты құрайды. Орта мерзімді келешекте еліміздегі тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындарды көмірден газға көшіру жоспарланған, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрі 2025 жылға дейін елді газдандыру үлесі 60%-ға жететіндігі туралы айтқан болатын.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...