Елбасының денсаулығына алаңдауға себеп жоқ – Айдос Үкібай

18 Маусым 2020, 15:44
1893
Бөлісу:
Елбасының денсаулығына алаңдауға себеп жоқ – Айдос Үкібай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ақпарат агенттіктеріне берген түсініктемесінде осылай деді. 

Айдың басынан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болды. Елбасы бірқатар екіжақты келіссөз жүргізіп, ресми тұлғаларды қабылдады. Сонымен қатар Тұңғыш Президент отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Осылайша, телевизиялық түсірілімдерді ұйымдастыру үшін 40-тан астам адам, соның ішінде шет мемлекеттердің азаматтары да жұмылдырылды, - деді Айдос Үкібай.
Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық жағдайы медициналық қызметтердің бақылауында екенін, үрей мен алаңдаушылыққа себеп жоқ екенін айтты. 
Елбасы қазіргі заманғы коммуникация арналарын пайдалана отырып, қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруда. Бекітілген хаттамаға сәйкес, Тұңғыш Президенттің басқа адамдармен жеке байланысы шектеулі. Елбасының қатысуымен өтуі жоспарланған кейбір іс-шаралар бейнеконференц байланысы арқылы онлайн-режимде өтетін болады. Ресми ақпарат пайда болған алғашқы минуттан бастап біз Тұңғыш Президентке тез арада сауығып кетуді тілеген мазасызданған азаматтардың хабарларын ала бастадық. Менің телефоным қоңыраулар мен хабарламалардан "жарылуға" шақ қалды. Журналистер, достар, туыстар, цех бойынша әріптестер, соның ішінде жақын және алыс шетелдерден азаматтар Елбасына күш пен мықты денсаулық тілейді. Бірінші Президентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолдауын білдірді, жеделхаттар мен хаттар еліміздің барлық аймағынан Елбасы кеңсесіне келіп түсіп жатыр, - деді Елбасының баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ, Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға және өз атына жылы сөздер арнағандарға алғыс білдіретінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Айдос Үкібай Елбасы да өзін-өзі оқшаулағаны туралы хабарлаған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тезірек сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ, басқа да танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері желіде Елбасының тезірек сауығып кетуін тілеп, жазба қалдырып жатыр
 



Өзгелердің жаңалығы