Елбасы Үндеуі: Қорға қаржы құюға әзірміз – кәсіпкерлер

21 Наурыз 2020, 06:35
2061
Бөлісу:
Елбасы Үндеуі: Қорға қаржы құюға әзірміз – кәсіпкерлер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында күріш өңдеумен айналысатын "Абай-Дәулет" ЖШС басшылары ағайынды Мұрат, Марат Сәрсенбаевтар Елбасының Үндеуінде айтылған Республикалық қорға қаржы құюға әзір екендерін айтты.

Коронавирус індетінің күннен-күнге өршуі адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, әлем экономикасының құлдырауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан әлемге, елімізге төніп тұрған үлкен қауіп-қатерге қарсы тұрып, осындай қиын сәтті бір ел, бір қоғам болып, бірге өткеруге және мемлекет басшысы мен үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл әрі нақты шараларды қолдауға шақырамын, – дейді кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев.
Сонымен қатар бұл мақсатта қорғаныс бетперделері мен жергілікті тұрғындар арасында коронавирус індетінің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндірме жадынамаларын әзірлеуге және өңірдегі әлеуметтік мұқтаж жандарға көмек ретінде 400 мың теңге қаржылай көмек көрсеткенін айтты.
Коронавирус инфекциясының залалын азайту және ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында Елбасының бастамасымен құрылған Республикалық қорға тиісті қаражатты аударамын, – деді "Абай Дәулет" ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Елбасының Үндеуіне үн қосу Сыр өңірінің бір азаматы ретінде өзінің міндеті санаған "Абай-Дәулет" ЖШС директорының орынбасары Марат Абайұлы да сын сағатта ел болып жұмылып, қатерлі індетті жеңуде ауызбірлігімізді көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мен де осы ретте еліміздегі жағдайға қатысты өз есебімнен қорға үлесімді қоссам деймін. Әрбір бастамаға күшті қолдау білдіре беретін болсақ, ұлы мұраттарға жетерімізге кәміл сенемін. Сондықтан сырбойылық кәсіпкерлерді Үндеуді бірауыздан қолдауға шақырамын, – дейді Марат Сәрсенбаев.

Өзгелердің жаңалығы