Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші күнінде екінші ойын өткізген Алматы облысы құрама командасы мен БҚО құрамасы арасындағы ойын аса тартысты өтпеді.
Алматы облысының жігіттері бірден алаң тізгінін қолға алды. Кешегі Қостанай құрамасына кеткен есесін қайтаруға мықтап кіріскен Жетісу жігіттері барын салып бақты. Еңбектері де еш кетпеді, ойынның алғашқы таймының өзін 3:0 есебімен аяқтады.
Көкпардағы жеңісті жешетін – ат. Қанша мықты шабандоз болса да, астындағы аты сәйкеспесе ештеңе болмайды. Мысалы кешегі Маңғыстау облысының құрамасы мен Нұр-Сұлтан қаласының ойынын алайық. Маңғыстауда өңшең мықты жігіттер болды. Ал «Астанада» жаңа құрам деуге болады. Көбі Маңғыстау ұтады деп ойлады. Нәтижесінде астананың жастары алды. Себебі астаналықтардың аттары мықты болды. Мына БҚО мен Алматы облысының ойынында да Жетісу жігіттерінің аттары мықты екені көрініп тұр. БҚО-ның биыл дайындығы да осалдау болған секілді, – дейді белгілі көкпаршы, «Әулие ата» командасының жетекшісі Нұрдәулет Момынов.
Сонымен кеше жеңіліс тапқан қос команданың бүгінгі жеңіс үшін тартысқан ойынының нәтижесін көрейік.
Алматы облысы құрамасының есеп ашқан көкпаршысы Смағұл Нұрсұлтан – 2 салым, Әлішер Бостанбек – 3 салым және Талғат Әбдірахманов, Жанарыс Тобажан, Әділет Құралбаев бір-бір салымнан салды.
Чемпионаттың екінші күні екінші болып алаңға шыққан Алматы облысы құрамасы мен БҚО құрамасы 6:0 есебімен ойынды аяқтады. Жетісу жігіттерінің пайдасында.