Бас жаңалықтар
Ел чемпионаты. «Әулие атаның» әлеуеті жоғары
PHOTO
30 Наурыз 2021, 15:45 251

Ел чемпионаты. «Әулие атаның» әлеуеті жоғары

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз төрінде өтіп жатқан Көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының бүгінгі соңғы ойынын алаң иелері өткізді.

Жамбыл облысының құрама командасына қарсы ойнаған Атырау облысының құрамасы. Әулие ата топырағында байрағын көтерген чемпионатта Тараз тарландары алаң тізгінін бірден қолға алды. Алғашқы таймның өзінде-ақ есеп 5:0 болды.


Жамбыл құрамасы ежелден іргесі берік, дайындығы мығым, еліміздің 10 рет чемпионы болған команда ғой. Әрі алаң да өздерінікі, ат та өз аттары, команда өзара өте мықты үйлесе білген. Командалық көкпарда ең басты ерекшеліктің өзі осы команданың үйлесімі. Атыраудың құрамы негізінен жастар. Әрине бұрыннан ойнап жүрген бірнеше шабандоз бар, десе де биыл Атырау жаңа құрам жасақтады. Екі команданың тәжірибесін, шеберлігін, алаңды меңгеруін салыстыруға келмейді, – дейді Түркістан облысы құрама командасының бас бапкері Ғани Ахметбаев.


Кәнігі бапкер қателеспеген екен. Атырау құрамасы Жамбыл жігіттеріне төтеп бере алмады. Есеп – 11:1, Жамбыл жігіттерінің пайдасында.


Соңғы ойынның есебін ашқан Жамбыл облысының жас перісі – Құрманбек Тұрғанбек 4 салым салды. Ернат Мәлімбай, Ернар Жарылқасын және Ислам Рәт әрқайсысы екі-екі салым салса, Жасұлан Қожақұл бір салым салып жамбылдықтардың мерейін өсірді.


Ал Атырау жігіттерінің арасында бір ғана салымға қол жеткізген – Ынтымақ Әліпбаев қана болды.

Осымен Көкпар спортынан бүгінге белгіленген алты ойын аяқталды. Енді аударыспақтың алыптары өзара мықтыны анықтайды.


Фото: автордан
Загрузка...