Экология пәнін сабақ ретінде мектеп бағдарламасына енгізуге асықпаған жөн – Балаева

17 Тамыз 2020, 15:40
2614
Бөлісу:
Экология пәнін сабақ ретінде мектеп бағдарламасына енгізуге асықпаған жөн – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева экологиялық білімге қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Балаева эко-білім мен мәдениетті ең алдымен мектептен бастау керек екенін айтты. 

Осы ретте Білім және ғылым министрлігіндегі әріптестерімізге осыған дейін дөңгелек үстелге қатысқан мамандар тарапынан түскен бірқатар ұсынысты жеткізгім келеді. Біріншіден, экология пәнін толыққанды сабақ ретінде мектеп бағдарламасына бірден енгізуге асықпаған жөн. Себебі, бала санасы қоршаған орта туралы күрделі ғылымға дайын болуы шарт. Сондықтан да алдымен факультативтік үйірме санын көбейтіп, осы арқылы негіз дайындаған дұрыс, - деді ол. 

Сондай-ақ, министр экологиялық білім беру жүйесін үздіксіз ету керегін айтты. 

Яғни, орта, арнайы және жоғары білім деңгейі ретінде бірыңғай әрі сабақтас экологиялық ілім негіздерін қалыптастыру керек. Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарындағы экология пәні бойынша бағдарламаларды ретке келтіру керек. Қазір әр ЖОО-ның өз білімі өзінде. Ешқандай кешенді жалпыға ортақ бағдарлама жоқ. Мектептегі балаларымызды ертең экобілім беретін бүгінгі осы студенттер десек, бұл мәселенің маңыздылығы айтпаса да түсінікті, - деді министр. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдедегі Үкімет отырысында мектептерде экология пәнін енгізу қажеттігін айтқан болатын. Бүгін бірнеше министрдің қатысуымен осы мәселе онлайн брифингте талқыланып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы