Бас жаңалықтар
Экология министрі Түркістан облысында су мәселесін талқылады
02 Қазан 2021, 16:35 330

Экология министрі Түркістан облысында су мәселесін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, оңтүстік өңірдегі өзекті проблемалардың бірі – су мәселесіне талқылады.

Министр алдымен «Түркістан магистральды каналына» барып, канал арналарын бетондау жұмысымен танысты. Канал ұзындығы 149 км құрайды және жергілікті шаруа қожалықтарының негізгі су көзі болып табылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығына тоқталған Серікқали Брекешев жоба аяқталған соң су шығыны азаятынын хабарлады. 2020 жылы басталған құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, эксплутацияға беріледі.

Сондай-ақ Ескі Иқан ауылдық округінде «Ирригациялық және дренаждық жүйелеррді жетілдіру жобасы» аясында жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты. Жоба аясында 72 дана тік дренажды ұңғыма және 300 шақырымға жуық канал жаңғырады. Серікқали Брекешев құрылыс қарқынын жылдамдатып, жоспарға сай аяқтауды тапсырды.
Серікқали Брекешев артынша өңірдегі су тасқын мәселесін шешуге септігін тигізген «Көксарай» су реттегішінің бүгінгі күйін байқады. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Керимжанов Мерлан 2011 жылы қолданысқа берілген контрреттегіш жаңғыртуды қажет етедіндігін жеткізді. Жаңғырту мақсатында дайындалған жобаны министрге таныстырып, мамандармен талқылады. Айтылған пікірлермен мен ұсыныстар ескеріліп, жобалау жұмыстары жыл соңына дейін ұсынылатын болды, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ЭГТРМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовпен бірге Шардара су қоймасына барды. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, су шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Тұрғындарды 50 жылдан асқан су қоймасының қауіпсіздігі алаңдатады. Министр Серікқали Брекешев қойманы жаңғырту жұмысымен айналысып жатқан мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жобада көрсетілген қаражаттан асып, артық шығын келтірмеуді міндеттеді.

Шардара су қоймасында жүзеге асырылып жатқан жөндеу, сейсмотұрақтылығын арттыру жұмыстары 2022 жылы аяқталады. Құрылыс аяқталған соң 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін төзімділікке ие болады.

Сондай-ақ министр Серікқали Брекешев жұмыс сапары аясында жергілікті балық шаруашылығы саласының кәсіпкерлерімен кездесті. Өңірдегі балық өндірісінің қарқынын байқап, ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жобаларды таныстырды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...