Елімізде ЭКО-ның қазіргі құны қанша?

28 Қыркүйек 2020, 17:56
4208
Бөлісу:
Елімізде ЭКО-ның қазіргі құны қанша?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған дәрігер-репродуктолог Алмаз Ибрагимов жасанды жолмен ұрықтандырудың қанша тұратынын айтып берді.

Оның түрлі әдісі бар. Ең арзаны – табиғи циклда жасалатын ұрықтандыру әдісі. Яғни, өз бетімен өскен жалғыз аналық ұрықты алып, ұрықтандырып, қайта жатырға енгізу. Оның құны 250-300 мың теңгедей. Бірақ жалғыз аналық ұрық болғандықтан, ол өспей қалуы мүмкін. Сондықтан қымбат дәрілік заттардың стимуляция жасап, аналық ұрықты көптеп алуға тырысамыз, мысалы, 10-12 аналық ұрық. Одан бірнеше эмбрион шығады, арасынан сұрыптап ең мықтысын салуға болады. Сонда нәтижелілік артады. Бірақ стимуляцияға пайдаланылатын дәрілік заттардың құны өте жоғары. Кейде 500-700 мың теңгеге дейін кетіп қалуы мүмкін. Технологияның өзіне 350-500 мың теңгенің аралығында жұмсалады. Жалпылама есептегенде 1-1,5 миллион теңге кетеді, - деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ЭКО мәселесіне квота көлемін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Дәрігер Президенттің бұл тапсырмасы халық үшін үлкен көмек болар еді деген пікірде.

Осы салада қызмет етіп жүргендер үшін, жалпы халық үшін бұл үлкен көмек. Бұл бағдарламаның жариялануының өзі үмітін үзген көптеген отбасының үмітін ақтар еді. Квота санының көптігі қаншама шаңырақтың «мемлекет көмектесіп жатыр екен-ау» деп ойлануына түрткі болады. Себебі, саны аз болса, шалғай аудан-ауылдардағы ағайын, «бізге жете қоймас, кезекке тұрып квотаға қол жеткізу мүмкіндігі аз» деп ақылы қызметті пайдалануға бейім тұрады. Ал егер мұндай бағдарламалардың көлемі жоғары болса, елдің сенімі артады, - дейді ол.

Алмаз Ибрагимов мансап қуып, тұрмыс құрмай жүрген жалғызілікті әйелдердің аталмыш квотаға ілінбейтінін жеткізді.

Квота бойынша жалғызілікті әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыру жағы қарастырылмаған. Олар тек ақылы түріне жүгіне алады. Менің жеке ойым, егер жалғызілікті аналарға квота бөлінетін болса, тұрмысқа шығу көрсеткіші азайып кетуі де мүмкін. Осы арада маңызды жайт, бедеуліктің кең таралуының тағы бір себебі – кеш тұрмыс құру. Өйткені, бала көтеру мүмкіндігі төмендейді. Бұл дертпен күресті отбасындағы жасөспірім тәрбиесінен бастау керек деп ойлаймын. Әрине, мұны нақты қолға алғанның өзінде нәтижесін 10-20 жылдан кейін көрерміз. Бірақ, қазіргі бар жағдаймен күресу керек, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы