2021 жылдан «Аңсаған сәби» жобасын бастауды тапсырамын – Президент
1 Қыркүйек 2020, 12:53 2454

2021 жылдан «Аңсаған сәби» жобасын бастауды тапсырамын – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында айтты.

Қазір отбасы-демографиялық жағдай алаң тудырып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұл жағдайды ажырасудың негізгі себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне қатысты болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Жолдауы барысында балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне баса назар аудару керегін айтты.

Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға жасалған сексуалдық сипаттағы зорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікті барынша қатаңдаттық. Бірақ, бұл бағыттағы проблема әлі де өзекті болып отыр. Мұндай қылмыс жасағандар ешбір жеңілдіксіз, уақытынан бұрын босап шығу мүмкіндігінсіз қатаң жазаға тартылуы тиіс. Олар мейлінше қауіпсіз мекемелерде жазасын өтеуі керек. Әрбір іс прокуратура органдарының ерекше назарында болуы керек. Әлеуметтік, құқық қорғау органдары тарапынан болған әрекетсіздік пен селқос қарым-қатынас үшін қатаң жауап алынатын болады.  Жалпы, әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын құруымыз керек, - деді Тоқаев.


Фото: дереккөз
Загрузка...