Бас жаңалықтар
Достық үйлері әр ұлттың өз мәдениетін сақтап, дамытуына үлкен мүмкіндік береді
22 Сәуiр 2019, 09:15 270

Достық үйлері әр ұлттың өз мәдениетін сақтап, дамытуына үлкен мүмкіндік береді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін бір жерде тоғыстырумен қатар, әр этномәдени орталықтың заңнамалық жағынан қорғалуына кепілдік береді. Бұл жөнінде ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Шығыс Қазақстан облысы бойынша көшбасшысы Равиль Юнусов айтты.

«Өскемен қаласындағы Достық үйі 1992 жылы ашылған болатын. Оны ашуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан еді. Қазіргі уақытта біздің Достық үйі сияқты Достық үйлері еліміздің облыстық маңызы бар көптеген қалаларында ашылған. Дегенмен біздің Достық үйі халықтар достығының алғашқы бастауы. Бүгінде өңіріміздің 14 аудан, қаласында өзінің Достық үйлері, 105 этномәдени орталықтар бар», - деді Равиль Юнусов.

Осындай келісім орталықтарының болуы әр ұлттың өз мәдениетін сақтап, дамытуына үлкен мүмкіндік беретінін алға тартқан ол Достық үйлері арқылы қазақстандықтардың өзге ұлттардың салт-дәстүрі мен мәдениетін танып, оны сүйе білуге баулитынын айтады.

«Қазақстан Халқы Ассамблеясы әлемде теңдесі жоқ орган. Өйткені ол түрлі ұлт өкілдерін бір жерде тоғыстырумен қатар, әр этномәдени орталықтың заңнамалық жағынан қорғалуына кепілдік береді. Яғни бұл орган түрлі ұлт өкілдеріне теңдік бере отырып, олардың бизнесте, басқа да қоғамдық бастамаларда болмасын жан-жақты қорғайды», - деді Равиль Юнусов.

Алдағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының ерекше қалыпта өтетінін тілге тиек еткен Равиль Юнусов, оған ҚХА төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар қазіргі ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқевтың қатысуы аталмыш орган беделінің жоғарылығын көрсететін бірден-бір фактор екенін алға тартты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін нағыз батыл қадам деп ойлаймын. Ол осы арқылы әр қазақстандыққа таңдау мүмкіндігін берді. Осы жолғы ҚХА сессиясына Шығыс Қазақстан облысынан 40-қа таяу делегат барады. Олардың барлығы дерлік халықтар достығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, дені жастар», - деп қосты Равиль Юнусов.

Сізден жаңалық