Динара Садуақасова тегін онлайн шахмат академиясын ашты

26 Маусым 2020, 11:14
1478
Бөлісу:
Динара Садуақасова тегін онлайн шахмат академиясын ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы ЮНИСЕФ адал ниет елшісі, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Динара Садуақасова зияткерлік ойын үйренуге барлық ынта білдірушілер үшін онлайн шахмат академиясын ашты.  

"Динара Садуақасованың онлайн шахмат академиясы" алаңында чемпионның өзінен бейнесабақтар, тапсырмалар, тестілер табуға болады. Коронавирус пандемиясына байланысты туындаған жағдайға орай курстарға кіру тегін. Сонымен қатар, курстарға тегін кіру мүмкіндігі шектеулі адамдарға тұрақты негізде қолжетімді болады.

"Бәріне арналған шахмат" – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба. Біздің мақсатымыз – шахмат ойынына деген қызығушылықты арттыру және еліміздің шалғай өңірлерінде шахматты үйренгісі келетін кез келген адамның барлығына мүмкіндік беру. Әлем қарқынды түрде дамып жатыр, қазір зияткерлік қасиеттер мен ойлау жылдамдығы маңызды. Шахмат – бұл дағдыларды дамытатын тамаша құрал. Алаңда менің қатысуыммен видео-сабақтар, 5000 жуық тапсырма бар, - деп атап өтті академияның негізін қалаушы Динара Сауақасова.
Курстарға тұрғылықты жеріне қарамастан балалар да, ересектер де қатыса алады. Курстар шахмат ойыншысының дайындық деңгейіне байланысты қалыптастырылған. Әр курс танымдық видео-сабақтар мен бекітуге арналған (жеңіл деңгейден күрделіге дейін) 200 тапсырманы қамтитын 20-25 блоктан тұрады. Курсты сәтті аяқтаған соң электронды сертификат беріледі. 
Біз командамызбен барлық деңгейлерге арнап 10-нан астам сағат шахмат сабақтарын жаздық. Алаңда, сондай-ақ, танымал шахмат ойыншыларының дәрістері мен семинарлары жарияланатын болады. Барлық адамның шахматқа деген қызығушылығы артып, үйрену мүмкіндігі болғанын қалаймыз, – деді Шахмат академиясының директоры Айнұр Утешева.

Өзгелердің жаңалығы