Диетолог адамның көңіл-күйін түсіретін тағам түрлерін атады

18 Қазан 2021, 12:36
7378
Бөлісу:
Диетолог адамның көңіл-күйін түсіретін тағам түрлерін атады
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күнделікті өмірде сергек жүрудің құпиясы бар ма? Дұрыс тамақтану дегеніміз не? Деніміз сау болу үшін ағзамызға қандай дәрумендерді қабылдауымыз керек? Осы және басқа да сұрақтарға тағамтанушы әрі диетолог Жанна Нұрберген сұхбат барысында айтып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

- Семірудің психологиялық аспектілері қандай? Қандай мінез-құлқы бар адам семіріп кетуі немесе мүлдем салмақ қоспауы мүмкін?

- Стресс пен депрессияға шалдыққан адамдар салмақ қосуға бейім келеді. Семіздікке әкелудің тағы бір басты себептерінің бірі – ұйқының дұрыс қанбауы. Егер сіздің ұйқыңыз дұрыс болмаса, ол көңіл-күйдің бұзылуына алып келеді. Жалпы ұйқы бұзылғаннан кейін ішкі гормоналдық жүйке жүйеміздің атқаратын жұмысы бұзылады. Сол себепті ең маңызды тәртіптің бірі – уақытылы демалу. Кешкі сағат 10 мен таңғы 5-тің арасында жақсылап тынығуыңыз керек. Егер уақытында ұйықтамай жүрсеңіз, келесі күні психологиялық жай-күйіңіз қалыпты болмай, стресс пен депрессияға тез бейім боласыз. Мұның бәрі жоғарыда айтып кеткендей, адамның тез семіруіне себеп болады.

- 6-дан кейін тамақ ішпеу керек деп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Ең дұрысы, ұйықтар алдында кем дегенде 3 сағат бұрын тамақтану керек. Егер сіз сағат кешкі 10-да жататын болсаңыз, 7-ден кейін тамақ ішпеуіңіз қажет. Жеңіл тыныққаныңыз өзіңізге жақсы. Тамақтанған жағдайда ас қорыту процесі баяу жүріп, ұйқыңыз бұзылады.

- Соңғы кездері емдік «ашығу» секілді диета түрлері көбейіп кетті. Оған көзқарасыңыз қалай?

- Қазіргі таңда интернет бетінде әртүрлі диета түрлері таралып жүр. Жалпы, ашығу – бұл ағзаға үлкен стресс. Кей жағдайда дәрігерлер ұзақ ашығуды емдік диета ретінде ұсынады. Ол кейбір жағдайларда ағзамызға қажет. Ал егер дұрыс тамақтанбай, қалай болса солай тамақтанып жүрген жандар үшін бұл диета түрін қолдануға кеңес бермеймін.

- Халқымыз ертеден ет жеп келе жатыр. Ал қазір вегетариандықтар көбейді. Тіпті, үйде кішкентай балалар үшін ет жеу экзотика болып барады. Мұның зиянды немесе пайдалы тұстары бар ма?

- Ет – ақуызға бай өнім. Жалпы белоктың екі түрі болады. Олар жануар тектес және өсімдік тектес болып бөлінеді. Екеуі де күнделікті рационда адам ағзасында аса қажетті. Жануар тектес белок ішіне ет жатады. Белок – біздің бұлшықет жүйемізге, ішкі ағзамызға, иммундық жүйемізге әсер етеді. Ал вегетариандарға, яғни, жануар етін жемейтін азаматтарға келер болсақ, уақыт өте келе оларда ет жемеудің кесірінен ағзаның негізгі микроэлементі – темірдің жетіспей қалуы мүмкін. Себебі бұл химиялық элементтің адам бойындағы бұлшықет пен тері үшін маңызы зор. Сонымен қатар темір біздің гемоглобин деңгейінің жақсы болуына да жауап береді.

- Өзіңіз білетіндей, елімізде вакцинация науқаны жүріп жатыр. Оның ағзаға әсері бар ма? Адамды семіртіп, я болмаса арықтануына себеп болуы мүмкін бе?

- COVID-19 қарсы екпелер әлі зерттелу үстінде. Нақты қандай әсер беретіні белгісіз. Сондықтан ол туралы толықтай ештеңе айта алмаймын. Жалпы адамның арықтауы мен толуы психикалық жүйке жүйесіне байланысты. Меніңше, бұған вакцинаның әсері жоқ.

- Маман ретінде денені сымбатты сақтау үшін қандай әдістеме ұсынар едіңіз?

- Адам ағзасы – барлығын өзі жасай алады. Біз тамақтанғанда ағзамыз оны қорытып, қажетті дәрумендерді өзіне сіңіреді. Адам жүйесі негізгі қызметін жақсы біледі. Бұл жерде біздің міндетіміз – ағзамызға көмектесу. Ол үшін дұрыс тамақтану принциптерін ұстануымыз қажет. Бірақ көпшілік бұл қағидаттарды білгенімен, орындамайды.

Ең басты қағидат – күніне 1-2 л шамасында салмағыңызға байланысты су ішу. Екіншіден, көкөністер мен жемістерді жиі тұтыну керек. Қазіргі таңда 5 уақыт тамақтану міндетті болып табылады. Айтар кеңесім, 5 уақыт бөліп-бөліп, аз-аздан тамақтану. Кешкілік немесе түсте тойып тұрып ауқаттанған дұрыс емес. Ағзаға керек тағы бір дүние – дене жаттығуы. Дені сау болуы үшін адам кем дегенде күніне 10 мың адым жасауы тиіс. Адамның жақсы көңіл-күйде жүруіне рецепт бар. Ол – дұрыс тамақтану. Бұл дегеніміз табиғи дәрумендер мен химиялық өнімдерге бай өнімдерді азық ету және күнделікті спортпен шұғылдану. Бұл екі ережені ұстану адамның сергектігін арттырып, шаршаудан құтылуға көмектеседі.

- Адамның көңіл-күйін түсіретін тағам түрлері бола ма?

- Адамның көңіл-күйін түсіріп, қарнын аштыра беретін өнімдер бар. Ондай тағамдарға ақ ұннан жасалған тәттілерді жатқызамыз. Жоғары сортты ұннан дайындалған тағамдар адам ағзасына кері әсер тигізеді. Олар көбіне қарапайым көмірсулар болып табылады. Ол бізге тез энергия беріп, тез уақытта қуатымызды жоғалтады. Кейіннен оны қайта-қайта жей бергіміз келеді. Сол себепті ақ ұннан әзірленген өнімдерді күнделікті рационнан азайту керек. Қара ұн немесе екінші сорттағы ұнды тұтынсаңыз болады. Сол секілді газдалған сусындар мен энергетик сусындарды да бұл қатарға қосқанымыз жөн.

Семіздіктің алдын алу үшін қартайған кезде дертке шалдықпау мақсатында әрбір адам бүгіннен бастап дәрумендер қабылдау керек. Біз ағзамызға күнделікті тамақтану арқылы пайдалы микроэлементтерді түземіз. Сондай қажетті дәруменнің бірі – D дәрумені. Ол біздің иммунитетімізге, мидың дұрыс жұмыс істеуіне, артық салмақтың болмауына көмектеседі. Оның адам ағзасына түсетін екі жолы бар: біріншісі – ол тағам арқылы және екінші жолы күн сәулесінің әсерінен D дәрумені өздігінен түзіледі. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда адамдар күн көзінде көп жүрмейді. Керісінше, күннен қорғанып, оған арналған түрлі жақпамайлар қолданады. Бұл ағзамызда D дәруменінің түзілуіне зиян.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы