Бас жаңалықтар
Депутат заңсыз қоқыс орындарына байланысты маңызды мәселе көтерді
03 Маусым 2021, 13:55 233

Депутат заңсыз қоқыс орындарына байланысты маңызды мәселе көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Әбдәлі Нұралиев елімізде заңсыз қоқыс орындарының көбейгеніне назар аударды.

Сенатор қалалардағы ауаның жоғары деңгейде ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нашар жағдайы және жайылым жерлерінің тозуы мәселесіне назар аударды.

Қазақстанда атмосфералық ауа сапасын мониторингілеу нәтижесінде мегаполистер мен ірі қалаларда ластанудың шектен тыс көрсеткіші тіркелгені анықталды. Атап айтқанда, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған мен Шымкент қалалары ластанудың өте жоғары деңгейінде, - дейді депутат.

Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстанда 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар, шамамен 31,6 миллиард тонна өнеркәсіптік қалдықтар түзіледі.

Қазіргі уақытта еліміздегі бар 3 мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Бұл полигондардың 82 пайызы экологиялық және санитарлық нормаларға сай келмейді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының ғарыштық мониторингі аясында елімізде жылдар бойы заңсыз қоқыс орындарының көбеюі анықталды, бірақ оларды жою шаралары толық шешімін таппай отыр, - дейді Әбдәлі Нұралиев. 

Сонымен қатар, ол мәселені көрсетіп қана қоймай, оларды шешудің ықтимал жолдарын айтты.

Сенатор атап айтқанда мектептерге экологиялық тәрбиені қарқынды түрде енгізуді, ауаның тазалығына арналған арнайы заң жобасы мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жою жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Жалпы, еліміздегі қоқыс орындарына қатысты әртүрлі болжамдар айтылады. Елдегі кейбір азаматтар мұны бизнеске де айналдырып алған. Сондықтан заңсыз қоқыс орындарының көбеюі деп, мәселенің бір ұшын шығарғандай көрінді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...