Дәрігер: Бүйрек ауруының алдын алу қарапайым анализ тапсырудан басталады

15 Наурыз 2021, 16:11
2896
Бөлісу:
Дәрігер: Бүйрек ауруының алдын алу қарапайым анализ тапсырудан басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елде бүйрек қызметінде ақауы бар жандардың 47 пайызының дерті асқынған, 1700 науқас трансплантация кезегінде тұр. Мұндай статистиканы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Салтанат Туғанбекова Денсаулық сақтау министрлігінің парақшасында өткен кездесу кезінде айтты. 

Оның айтуынша, бүйрек патологиясы бар науқастардың өмірі оның қызметін алмастыру терапиясы немесе қанды токсиндерден тазартатын гемодиализ аппаратына тәуелді. Соңғы он жылда гемодиализді қажет ететін науқастар саны 800-ден 8,5 мың адамға өсті. Науқастар санының өсуі денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджетке де салмағын салып тұр. 

Елде 110 гемодиализ орталығы бар. Олар елдің түкпір-түкпірінен келген науқастарды да қабылдайды. 

Гемодиализге тәуелді науқастарды аппарат көмегімен демеу үшін жылына 69 млн доллар кетеді. Бұл қаржы Медициналық сақтандыру қорынан бөлінеді. Ауыр кезеңдегі науқасты емдеу жоспарлы емге жатқызылған науқасқа жұмсалатын шығыннан 85 есе қымбат, - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, бүйрек ауруларының алдын алып, ерте кезеңде анықтамайынша, гемодиализ бен аурудың жоғары стадиясындағы науқастар көбейе береді. 

Қарапайым қан талдауының өзінен бұл орган қызметінің бұзылуын білуге болады. Ол жергілікті жерде тегін тапсырылады. Сондықтан анализді жыл сайын тапсырып, қан құрамындағы кератин және несептегі ақуыз мөлшеріне көңіл аударып отыру қажет. Өкінішке қарай тұрғындар қарапайым профилактикаға мән бермейді. Жағдайы күрт төмендеп кеткенде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Қант диабеті, гипертония, жүрек жұмысында ақауы және артық салмақтан зардап шегушілер тәуекел тобына енеді. Осы науқастарда бүйрек ауры жиі кездеседі. Сондықтан олар бүйрек қызметінің бұзылуына жол бермеулері үшін алдын алулары тиіс, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы