Дарабоз-2019. "Жас Нарын" құрамасы көкпардан жеңімпаз атанды

13 Қазан 2019, 10:10
3319
Бөлісу:
Дарабоз-2019. "Жас Нарын" құрамасы көкпардан жеңімпаз атанды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласы күніне орай, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық "Ұлттық спорт түрлері" федерациясының ұйымдастыруымен 11-12 қазан күндері "Дарабоз-2019" турнирі өтті.

Турнир барысында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және құнан бәйге, жорға жарысы, құмай тазы жарыстарының жүлделері сарапқа салынды.  

Ұлттық спорттың онға жуық түрінен өткен бұл турнирге Қазақстанның барлық облыстарының командалары қатысты. 

Жүлде қоры 32 180 000 теңге болатын бұл дүбірлі дода Жайық жағасында осымен үшінші рет байрағын көтеріп отыр.

WhatsApp Image 2019-10-13 at 00.04.06 (1).jpeg

Айтулы додада спортшыларға қойылатын бір талап – 1993 жылдан бергі уақытта дүниеге келген жастар болуы керек. Себебі турнир еліміздің "Жастар жылы" аясында өткізілді.

Сонымен, дүбірі ел аумағына түгел жеткен додаға көкпар ойынынан үш команда ғана қатысты. Оның да өз себебі бар. Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздің іріктелген спортшылары алдағы айда Өзбекстанда өтетін көкпардан ІІ Әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Мұнан бөлек, Жамбыл обылысында Ніби Момыновты еске алу турнирі де "Дарабоз-2019" сайысымен тұспа-тұс келіп отыр. Тағы бір бүбірлі дода Батыс өңірінде, нақтылай кетер болсақ, Маңғыстау жерінде Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай өтіп жатыр. Осылай еліміздегі ұлттық спорттың спортшылары мен жанашырлары еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, өз қолайына жаққан, қолы жеткен сайыста бақ сынап жүр. Сол себепті де Атыраудағы айқаста көкпардан үш команда ғана тартысқа түсті.

WhatsApp Image 2019-10-13 at 00.04.06.jpeg

Тегеурінді ойын көрсетіп, тебінді қарсылық таныта білген командалар арасында Атыраудың "Жас Нарыны" өздерінің алдыңғы ағалары, атыраулық "Нарын" командасының ізін басатынын көрсетті. Ал осы Атырау өңірінен жасақталып, жас болса да өз шеберліктерін танытып, дода дәмін татып жүрген тағы бір команда – "Мырза Адай" командасы. 

Жер шалғайлығына және өз өңірлерінде өтіп жатқан Нәби Момыновты еске алуға арналған республикалық турнирді тастап, Жайық жағасына ат басын тіреген Жамбыл облысы Жуалы ауданының "Жуалы" командасы да осал ойын көрсеткен жоқ.

WhatsApp Image 2019-10-13 at 00.04.07.jpeg

Дегенмен, кез келген сайыстың өз жеңімпазы болары анық. Ендеше "Дарабоз-2019" турнирінде Көкпар ойынынан жеке шығып, салым санын арттырған жеңімпазбен таныс болыңыздар.

1-орын: Атырау облысының "Жас Нарын" командасы
2-орын: Атырау облысының "Мырза Адай" командасы
3-орын: Жамбыл облысы Жуалы ауданының "Жуалы" командасы.

Өзгелердің жаңалығы