Дарабоз-2019. Үздік мерген анықталды

11 Қазан 2019, 19:00
3626
Бөлісу:
Дарабоз-2019. Үздік мерген анықталды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Жайық жағасында жалауын көтерген ІІІ халықаралық «Дарабоз-2019» турнирінің Жамбы ату бойынша жеңімпаздары анықталды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сұрмергендерге қойылатын талап біреу – туған жылы 1993-тен ары болмауы керек. Себебі турнирдің биылғы ұйымдастырылуы еліміздегі «Жастар жылына» арналып отыр.

Мергендік сайысына Ақмола облысынан Жалғас Құрман, Жамбыл облысынан Дәмір Аманбек пен Бақдәулет Бабажан, Нұр-Сұлтан қаласынан Ынтымақ Шыңғысбай, Атырау қаласынан Амангелді Өмірзақов, СҚО-дан Әлия Бекен, БҚО-дан Қосмағұлов К. және Түркістан облысынан Айтбек Сарыбай мен Бекзат Жақсыбек қатысты.

40fac754-0615-4e83-9290-535d5eb50e12.jpg

Садақ атудың екі түрінен – шеңберге ату және қазақ стилінен сынға түскен жас мергендер ат үстінде ойын көрсетті. Екі айналымның қорытындысы бойынша нағыз мерген анықталды.

Сонымен «Дарабоз-2019» турнирінің Жамбы ату бойынша жеңімпазы – Жамбыл облысының жас өрені Бақдәулет Бабажан болды. Ұпай саны – 34. 
Сұрмергендер сайысында екінші орынды – екі айналымда 24 ұпай жинаған Атырау қаласының түлегі Амангелді Өмірзақов еншіледі.

Алғашқы үштікті – Жамбы ату спортындағы санаулы қыздарымыздың бірі, бүгінгі ойындағы жалғыз қыз – Әлия Бекен иеленді. СҚО-дан келген сұлу қыздың еншісінде 15 ұпай бар.

Бұдан бөлек «Дарабоз-2019» турнирі аясында теңге ілуден, тазы жүгіртуден және 25 шақырымдық топ бәйге мен 7 шақырымға жорға жарысы өтеді. Сонымен бірге құнан бәйге мен аударыспақ, көкпар додасы да турнир көрігін қыздырмақшы.

Ал осы турнир барысында ел назарын ерекше аударып отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтетінін де ескерте кеткен абзал. 

Ертең, яғни 12 қазан күні өтетін 51 шақырымдық аламан, осымен еліміз көлемінде бесінші рет ұйымдастырылып отыр. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы өткізіп келе жатқан дәстүрлі ат бәйгесі биылғы жылы Атырау даласында, Ақ Жайық жағасында өтпекші.

Өзгелердің жаңалығы