Цой ауыл тұрғындарына: Сіздер үшін арнайы келдік

28 Қазан 2021, 22:56
384534
Бөлісу:
Цой ауыл тұрғындарына: Сіздер үшін арнайы келдік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс сапарымен Атырау облысына барды.

Сапар барысында Денсаулық сақтау министрі «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жаңа нысандардың құрылысымен танысты, сондай-ақ өңірдің медициналық мекемелеріне барды.

Ағымдағы жылы осы бағдарлама аясында 66 мың адам тұратын 16 ауылдық елді мекенде 22 жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,9 миллиард теңге бөлінді.

Жұмыс сапары аясында А. Цой Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында болып, спорт кешені құрылысының жобасымен танысты.

Біз сіздердің қандай жағдайларыңыз бар екенін көру үшін әр елді мекенге арнайы келіп отырмыз. Денсаулық сақтау жағынан да біз сіздердің емделу үшін жағдайларыңыз болуы үшін барлығын жасаймыз, біз сіздер үшін мамандар дайындаймыз. Олар келіп, көмек көрсетіп, сіздерді емдейтін болады, - деді А.Цой.

Бұдан кейін Министр Тұщықұдық ауылындағы Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орындық жапсаржай құрылысының барысымен танысты. Құрылыс демеушілік қаражат есебінен жүргізілуде, жобаны 2022 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Исатай ауданын аралау барысында Министр Аққыстау ауылындағы ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын реконструкциялау барысымен танысты, оған аяқталу мерзімі – 2022 жылғы қыркүйек айы белгіленіп, ағымдағы жылы 600 млн.теңге және келесі жылы тағы 900 млн. теңге жіберілді.

2010 жылы салынған, ал күрделі жөндеу 2022 жылға жоспарланған Аққыстау аудандық емханасын аралау барысында ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі, халыққа медициналық жабдықтардың қолжетімділігі және ауылдық денсаулық сақтау жағдайы талқыланды. А. Цой Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және реформа жүйесі – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық медицинаны дамыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында министр облыстың Индер, Махамбет және Исатай аудандарын, сондай-ақ барлығы 9 ауылдық елді мекенді аралады.

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 153 ауылдық елді мекенде 300 мың адам тұрады немесе облыс халқының жалпы санының 45%-ын құрайды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесі мен моделіне сәйкес облыста 40 тірек, 38 спутниктік, 15 стратегиялық елді мекен жұмыс істейді, сондай-ақ 60 басқа ауылдық елді мекен іріктелді.

Өзгелердің жаңалығы