Бас жаңалықтар
Цой Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрімен кездесті
12 Қараша 2020, 19:40 203

Цой Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ауғанстан Ислам Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ахмад Османимен онлайн форматта екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

Кездесу барысында А. Цой Кабул университетінде болған террористік шабуыл салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

А. Цой Қазақстан мен Ауғанның денсаулық сақтау саласындағы құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Бұл, әсіресе бүкіл әлемді әбігерге салған  пандемия кезінде айқын болды,  індетті тек бірлесіп жеңуге болатынына көз жеткіздік.

Біз мемлекеттер арасындағы денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылға серпін беруді және жаңа деңгейдегі ынтымақтастықты мақсат етіп отырмыз, - деді А. Цой.

Осыған байланысты Министр Ауғанстан Ислам Республикасымен денсаулық сақтау саласындағы қарым-қатынасты мынадай бағыттар бойынша жандандыруды ұсынды:

- медициналық көмекті жетілдіру;

- қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін реформалауға көмектесу;

- денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурсты дамыту;

- медициналық білім және ғылым;

- медицина кадрларының біліктілігін арттыру;

- фармация;

- медициналық туризм;

- электрондық денсаулық сақтау;

- денсаулық сақтау саласындағы стандарттау және аккредиттеу;

- денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу.

Өз кезегінде Ауғанстан Ислам Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ахмад Османи А. Цойға кездесу үшін алғысын білдіріп, екіжақты серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.


Фото: дереккөз
Загрузка...