Call-center 1406. Орталыққа қоңырау шалып, қытай тілінде кеңес сұрағандар болды

5 Мамыр 2020, 16:26
2656
Бөлісу:
Call-center 1406. Орталыққа қоңырау шалып, қытай тілінде кеңес сұрағандар болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма басшысының орынбасары Марат Шоранов айтты.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма басшысының орынбасары Марат Шоранов елімізде төтенше жағдай режимі басталған кезде халық коронавирус індетіне қатысты ғана емес, өзге де мәселелер бойынша қоңырау шалғанын жеткізді. 

Аймақтық филиалдардағы байланыс орталықтары жұмысқа кіріспес бұрын, алғашқы кезеңде 1406 нөміріне зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардан түрлі қоңырау түсті. Олар дүкеннен азық-түлік алуға шыға алмай отырғандарын айтып жатты. Сонда қор қызметкерлерінің ұсынысы бойынша біз белгілі бір көлемде қаражат жинап, қажетті азық-түлік салынған себеттерді мұқтаж жандардың  үйлеріне жеткізіп беріп тұрдық. Бұл біздің азаматтық позициямыз еді. Кейін мұндай ақпараттарды жинақтап, жергілікті әкімдікке жібердік, олар да өз кезегінде тиісінше шара қабылдап, үлкен іс атқарды, - деді ол. 

Марат Шорановтың айтуынша, байланыс орталығына шет тілінде де қоңырау шалып, кеңес сұрағандар болған.

Бірыңғай байланыс орталығы негізінде қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді. Алайда, ағылшын тілінде, қытай тілінде кеңес сұраған азаматтар болды. Біздің қызметкерлер арасында ағылшын, қытай тілін білетіндер бар. Сондықтан, бұл қоңырауларға да жылдам әрі нақты ақпарат берілді, - деді ол. 

Марат Едігеұлы ең есте қалатын қоңыраулар қатарында халықтың алғыс білдірген қоңыраулары екенін айтты.

 

Кейде шет елдерден эвакуацияланған отандастарымызды тест нәтижесі анықталғанша карантинге орналастырғанда кейбір адамдар туыстарымен байланыса алмай отырғанын айтып хабарласып жатты. Біз тиісінше, қолымыздан келгенше көмектесуге, адамдардың бір-бірімен байланысуына барынша қолғабыс етуге тырыстық. Мұндай сәттері әр қоңыраудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің, - деді ол. 

 

Еске сала кетейік, Марат Шоранов бұған дейін карантин кезінде орталық жұмысына 150 маман тартылғанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы