Бұл жоспарлар орындалады. Мамин Еңбек министрі мен әкімдерге тапсырма берді
26 Қазан 2021, 10:34 18367

Бұл жоспарлар орындалады. Мамин Еңбек министрі мен әкімдерге тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин Еңбек министрлігі мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 1 миллионнан астам қазақстандыққа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін қосымша 200 мың адамды қамту жоспарланған. Бұл жоспарлар орындалады. Бұған қоса, қазіргі кезде экономиканың барлық салалары қалыпқа келуде, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Маминнің айтуынша, бұл шаралар жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс.

Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарында тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жақсы тәжірибе бар. Қалған өңірлер де осы бағытта жұмысты жандандыруы тиіс. Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан облыстарында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жылдық жоспардың орындалу деңгейі төмен. Сонымен қатар Шымкент қаласында және Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе облыстарында Жұмыспен қамту жол картасы аясында жобаларды іске асыру деңгейі ең төмен. Бұл әкімдіктер жұмысты жандандыруы қажет, - деді Премьер-министр.
Асқар Мамин әріптестеріне бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, экономиканың сапалы және орнықты өсуі үшін кадр қажеттілігін анықтау мәселесін қарасын.

Екінші. Цифрландыру – жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа формаларының пайда болуына әкеліп отыр. Жұмыспен қамтудың жаңа формаларын реттеу және экономикалық белсенділікке тарту механизімін әзірлеуді жеделдету қажет.

Үшінші. Біліктілікті реттеу – еңбек нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жүйелі қадам. Осыған орай, Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, кәсіподақтармен, сарапшылық қоғамдастықпен бірлесіп, «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заң жобасын әзірлеп, талқылауды жылдамдатсын.

Төртінші. Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктері қысқа мерзімде микроқаржылық ұйымдардың жарғылық капиталын толықтыруды қамтамасыз етсін.

Бесінші. Еңбек министрлігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, «Бастау бизнес» жобасын Кәсіпкерлік жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асыруды жалғастыру қажет.

Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық офис аясында министр Серік Шапкеновтің жетекшілігімен жұмыспен қамту бойынша бағыт жасау қажет, - деп атап өтті Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметте.

Фото: дереккөз
Загрузка...