Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қызметтері Электрондық еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылды. Осы уақыт ішінде 122 мыңнан астам азамат жоғарыда аталған қызметтерді онлайн-режимде алды. Оның ішінде 44 мың адам портал арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды және 15 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер алды, - деді министр.
Шәпкенов атап өткендей, 2022 жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша процестерді автоматтандыру, мемлекеттік гранттар, микрокредиттер беру, жұмыс орнында және жұмыс берушінің тапсырысы бойынша оқыту жүргізу жоспарлануда.
Бұл жұмыспен қамту саласындағы барлық қолдау шаралары 100% автоматтандырылады, - деп айтты Еңбек министрлігі басшысы.