Бухгалтерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған конференция өтті

8 Қараша 2019, 02:20
2572
Бөлісу:
Бухгалтерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да "Қазіргі заманғы бухгалтер мамандығы: талаптар мен трендтер" атты конференция өтті.

Жыл сайынғы кәсіби бухгалтерлердің конференциясын осы жолы ҚазАТУ-мен бірге кәсіби бухгалтерлер лигасы, "KAINAR" жоғары кәсіби білім беру мектебі ұйымдастырды. Бұл Конференцияны ҚР Қаржы министрлігі толықтай қолдап отыр.

Конференцияға 70-тен астам еліміздің кәсіби бухгалтері, университеттің әр жылдардағы түлектері, халықаралық сарапшылар, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қаржы академиясының экономика факультетінің оқытушылары қатысты.

Алғашқы сөзді "Кәсіби бухгалтерлер лигасы" БКҰ басқармасының төрағасы Венера Алиева, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов және "KAINAR" кәсіби дайындықтың жоғары мектебінің" директоры Гүлнар Бекенова бастады. Олар бүгінгі бухалтерлік біліктіліктің маңыздылығы мен қоғамның барлық саласындағы орыны туралы біршама тың мағлұматпен бөлісті.

Маман даярлап шығару маңызды шаруа. Бірақ сол маманның ертең қоғам үшін маңыздылығы бізді толғандыруы тиіс. Ертең біз өзімізден шыққан мамандардың біліктілігін арттырып отыруды қолға алуымыз керек. Себебі, заман тез өзгеріп жатыр. Бүгінгі мамандарды ертең міндетті түрде қайта даярлап, үнемі біліктілігін арттыруды ұмытпаған абзал. Ол үшін сапалы білім ордалары тынбай қызмет жасауы керек, - деді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов.
Конференцияда бухгалтерлік кәсіптің болашағы мен халықаралық тенденциясы, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы әкімшілік жауапкершілік, басқарушылық шешімдер қабылдау мәселелері және ҚазАТУ-да бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Шара соңында кәсіби бухгалтерлерге арнайы сертификаттар табысталды.

Өзгелердің жаңалығы