Браконьерлер балық уылдырық шашатын уақытта да аулай береді

25 Сәуір 2019, 19:28
3810
Бөлісу:
Браконьерлер балық уылдырық шашатын уақытта да аулай береді

Талдықорған, BAQ.KZ. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 5 сәуірден бастап су қоймаларында балық аулауға тыйым салынған.

Алматы облысының тәртіп сақшылары көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балықты заңсыз аулаушылардың жолын кесу мақсатында түрлі шаралар өткізіп жатыр.

Осыған байланысты облыс полицейлері табиғат қорғау инспекциясымен бірлескен рейд барысында заңсыз балық аулаған Балқаш ауданы Аққұм ауылының маңында 42 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын ұстады.

«Күдіктіден «ЯМАХА-90» маркалы аспалы қозғалтқышты «АМУР» қайығы, пластикалық қыл жіптен жасалған ау және басқа жабдықтар мен ұсталған балық тәркіленді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Мемлекетке 300 мың теңгеге жуық материалдық шығын келтірілген», - деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары 20 күн ішінде «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 50-ден астам хаттама толтырып, 8 тұлғаға табиғат қорғау заңнамасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

Өз кезегінде, полицейлер іс-шараның мамыр айының соңына дейін жалғасатынын айтып, облыс тұрғындарын балықтың уылдырық шашуына кедергі келтірмеуге шақырады.
Өзгелердің жаңалығы