БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр

7 Сәуір 2019, 19:21
6238
Бөлісу:
БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр
PHOTO
Фото: автордан

Батыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аймақта жиі ұйымдастырылатын жәрмеңкелер азық-түлік бағасының шарықтамауына ықпал етіп отыр. Мәселен, былтыр аймақта жалпы саны 647 рет жәрмеңке ұйымдастырылып, 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері төмен бағамен сатылыпты.

Ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі көбіне қаланың орталық көшелерінде ұйымдастырылады. Бұл тұтынушыға да, өз өнімдерін оларға делдалсыз тікелей әкелетін шаруа қожалықтарына да өте тиімді. Облыс орталығы мен аудандарда сауда сөрелері тегін ұсынылатындықтан, тауар бағасы базардағыдан айтарлықтай төмен.

Осы оң үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жыл басынан бері өңірде әр апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Сондай жәрмеңкенің бірі осы демалыс күндері қаланың Зашаған шағынауданында өткізілді.

Айта кету керек, шағынаудан жыл санап өсіп келеді. Қазір халқының саны 50 мыңнан асқан. Жаңадан көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сауда орталықтарының бірінің алдында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 20 шақты шаруашылық өз өнімдерін әкеліпті. Арасында қала орталығындағы үлкен базарларда сауда жасайтын кәсіпкерлер де жоқ емес. Солардың бірі Салауат Хайруллин көптен көкөніс және жеміс-жидек сатумен айналысады. Негізгі орны орталық базарда. Сауда орны тегін ұсынылған соң ауылшаруашылық жәрмеңкесіне де қатысқанды жөн көріпті.

«Жәрмеңкенің халыққа пайдасы зор деп ойлаймыз. Оған мұнда келушілердің көптігі дәлел. Тұтынушыларға тиімді болсын деп көп қоспаймыз. Үстінен көретін пайдамыз 30-40 теңге шамасында ғана. Базардағыдай 100 теңгеден қосу жоқ. Алма, баклажан (баялды, кәді деген аудармалары бар екен), апельсин, банан секілді жеміс түрлерін әкелдік. Мысалы мына алманы біз базарда 310 теңгеден сатамыз. Ол жерде жалға алған орнымыз бар. Ал, мына жәрмеңкеде орын тегін ұсынылғандықтан 280 теңгеден сатамыз. Қиярды мысалы базарда 570-580 теңгеден өткізсек, мына жерде 500 теңгеге береміз. Әкімдік бізге бұл жерді тегін беріп, өнімдеріңізді осы жерде сатсаңыз деген ұсыныспен шықты. Енді осында келіп тауарларымызды өткізудеміз. Бұл тәсіл екі жаққа да тиімді деп ойлаймын өзім», - дейді кәсіпкер.

Арман есімді азамат жәрмеңкеге картоп өнімін әкеліп жүргенін айтады. Ақиқатын айту керек, ол өзін өндірушімін деп есептемейді. Өйткені, картопты күзде шаруашылықтардан арзан бағаға сатып алып, қыстай өздерінің көкөніс сақтайтын қоймаларында ұстайды екен. Ол да барлық кәсіпкер секілді жәрмеңкеге таңертең ерте келіпті. «Газель» жүк көлігіне тиеп әкелген тоннаға тарта өнімі түске дейін түгел сатылып кетті.

«Сауда-саттық саласында жүрген соң тұтынушы талабын да ескеруің керек. Көктемде барлық нәрсенің бағасы өседі. Оны жақсы білесіздер. Ал біз осыны ескеріп көкөніс сақтауға арналған арнайы ангарлар салып алдық. Бұл қоймаларда картоп пен сәбіз секілді халық күнделікті тұтынатын ауыл шаруашылық тауарлары сақталады. Соны қыста және көктемде осылай базарға алып шығамыз. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай бағасы онша қымбат емес. Мәселен, картоптың мына сұрпын небары 50 теңгеден сатып жатырмыз. Көлемі кішкентай болғандықтан, оны тұқымдыққа деп бағбандар да сатып алып жатыр. Күнделікті жеуге де жарамды. Сондықтан, біз де бұл салада пайдалы іс жасап жүрміз деп есептейміз. Бастысы, екінші нан саналатын дақылдың бағасын халықтың қалтасына қолайлы бағамен ұсынып жатырмыз», - дейді іскер жігіт.

БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр

Ал, омарташы Николай Шепель көп жылдан бері ара шаруашылығын өрістетіп келеді. Ұлы Сергеймен бірге өнімдерін өткізу үшін жәрмеңкеге жиі келіп тұрады.

«Отбасымызбен омарташылықпен айналысамыз. Араларды қыста саяжайда ұстаймыз. Мамырдың ортасына қарай Бәйтерек ауданының аумағындағы алқаптарға алып шығамыз. Әуелі Ветелки ауылына, кейін өзге де өңірлерге ауысып, көшіп-қонып отырамыз. Күзге қарай Пермь ауылына аялдаймыз. Өйткені, ол жерде күнбағыс алқаптары бар. Нәтижесінде дәруменге бай сапалы өнім аламыз. Ара балы әркез сұранысқа ие тауар саналады. Келісі 3 мың теңгеден. Дайын өнімді үйден де сатамыз. Дегенмен, осындай жәрмеңкелердің жөні бөлек. Мұнда адам көп келеді. Тұрақты тұтынушыларымыз да аз емес», - дейді омарташы.   

БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр

Қала тұрғыны Галина Петрова қияр, қызанақ пен мандарин сатып алыпты.

«Зейнеткер болған соң бізге бұл жәрмеңкелер өті тиімді. Мына сауда орталығының алдында ұйымдастырылуы да бір жағынан өте қолайлы. Дүкенге кіріп керек-жарағымызды алып шыққан бетте жәрмеңкені аралаймыз. Мұнда бау-бақша өнімдерін арзан бағаға табуға болады. Мысалы дүкенде картоп бағасы 90 теңге. Көбіне сапасы көңілдегідей болмай жатады. Амалсыз аласың. Ал, бұл жерде 50 теңгеден басталады екен. Базарда да баға қымбат қазір. Қырыққабаттың келісі мұнда 350 теңге екен. Еттің бағасы 1000 теңгеден басталады. Көктемде бәрі қымбаттап кететін білесіздер. Сондықтан, осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса артық етпейді», - дейді қария.

Жәрмеңкеде сазан, шортан, тұқы мен аққайраң секілді балық түрлерін табуға болады. Сонымен қатар, көктем маусымына сай орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер ұсынып отырған шырша, қарағай, бүрлі арша секілді түрлі ағаш көшеттерін де осы жерден сатып алуға мүмкіндік бар. Асхат Өкшебаев есімді жас азамат та жәрмеңкеге жиі келіп тұратынын айтады.

«Дүкендегі бағамен салыстыруға келмейді. Алма дүкенде 350 теңге. Бұл жерден арзанға түсіп отыр. Майдың бағасы да солай. Бұрын тек қала орталығында ұйымдастырылса, қазір алысқа бармайтын болдық. Өзіміздің шағынауданда осындай шаралардың жиі өтіп тұрғанын қалаймыз. Міне, мұнда жас та кәрі де осында толып жүргенін көріп тұрсыз. Ана жерде кәуаптың неше түрін пісіріп сатып жатыр. Бұл да демалыс күндері тұрғындарға тамаша көңіл-күй сыйлайтынына сенімдімін», - дейді Асхат Өкшебаев.

БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр

Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі М.Ықсанов көшесінің бойында да жиі өтіп тұрады. Бұл енді облыс орталығында өтетін негізгі жәрмеңке десе де болады. Тараптарға қолайлы болуы үшін жәрмеңке кезінде көшеде автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Тауар өндірушілерге сауда сөрелері мұнда да тегін ұсынылады. Шаруа қожалықтары алқаптардан жиналған өнімдерін тікелей осында әкеледі. Қаз-қатар тізілген көліктерден қала тұрғындары өздеріне керектің бәрін табады. Мәселен, өткен аптаның демалыс күндері ұйымдастырылған жәрмеңкеге Бәйтерек, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарының, Орал қаласы және қайта өңдеу кәсіпорындарымен барлығы 96 тауарөндіруші шаруашылық қатысқан.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бұл жолы жәрмеңкеде 3 бас жылқы еті, 16 бас сиыр еті, 27 мың дана жұмыртқа, 6,3 тонна картоп, 0,3 тонна қырыққабат, 0,7 тонна сәбіз, 0,6 тонна пияз, 3,7 тонна балық, сондай-ақ шұжық, сүт өнімдері жеміс-жидектер барлығы жалпы 2,9 млн теңгенің өнімі сатылған. Ең бастысы жәрмеңкеде бағалар нарықтағы бағадан 15-20% төмен болды.

БҚО-дағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасына оң әсер етіп отыр

Жалпы алғанда, осы жылдың наурыз-сәуір айларында өткен дәстүрлі ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелеріне Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының, Орал қаласы, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары және ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысқан.

Жәрмеңкеде барлығы 13 бас жылқы еті, 46 бас сиыр еті, 87 мың дана жұмыртқа, 18,5 тонна картоп, 0,9 тонна қырыққабат, 2,8 тонна сәбіз, 2,6 тонна пияз, 0,2 тонна қызылша, 8,4 тонна балық, сондай-ақ шұжық, сүт өнімдері жеміс-жидектер барлығы жалпы құны 8,4 млн теңгенің өнімі сатылыпты.

Жәрмеңкеде бағалар нарықтағы бағадан 15-20% төмен болды. Өткен жылы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2 жарым млрд теңге тартылған. Жергілікті өнім өндірушілер өңір тұрғындарының нан, сүт, ет және көкөніс өнімдеріне қатысты сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр.

«Жәрмеңкелердің аймақтағы азық-түлік бағасының тұрақтануына қосар үлесі орасан зор. Сондықтан, биыл да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барынша қолдау көрсетілетін болады», - дейді сала мамандары.

Өзгелердің жаңалығы