Бас жаңалықтар
БҚО-дағы 2 науқаспен қатынаста болған адамдар оқшауланды
30 Наурыз 2020, 12:57 202

БҚО-дағы 2 науқаспен қатынаста болған адамдар оқшауланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында 29 наурыз күні екі коронавирус жағдайы тіркелген. Екі азамат та аталған өңір тұрғыны. Қазіргі кезде олармен байланыста болғандар оқшауланды. Бұл туралы БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев хабарлады. 

Бір азамат Ресей Федерациясынан келген болса, ал екіншісі Атырау облысынан оралған. Екеуі де өздерінің денсаулықтарына байланысты 103 нөміріне телефон шалған. Сол сәттен бастап жедел провизорлық стационарға жатқызылған. 

Бір азаматымыз 24 наурыз күні Ресей Федерациясынан келіп, Тасқала аудандық бекетінен өткен және Ақсай қаласында тұрған. Екінші азаматшамыз 28 наурыз күні Атырау қаласынан келіп, Орал қаласында тұрған. Екі науқас та ауру белгілері табылған сәттен жедел-жәрдем көмегіне жүгінген. Қазіргі таңда олармен байланыста болған барлық азаматтар оқшауланды, - деді Нұрлыбек Мұстаев Ақжайық ауданында өткен баспасөз брифингінде.

Оның сөзінше, осы екі азаматпен қарым-қатынаста болған барлық адам эпидемиологиялық тексеріс барысында анықталып, тікелей қатынаста болғандары стационарға жатқызылған. Екі науқастың тұрғылықты тұрғын-үйлеріне кіріп-шығуға шектеу қойылған. Сыртқа тек дәрі-дәрмек пен азық-түлік алуға ғана шыға алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО-да екі адам коронавирус індетін жұқтырған. Олардың біреуі Саратовтан, екіншісі Атыраудан келген.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...