Бокстан Азия чемпионатынан екі алтын бұйырды

26 Сәуір 2019, 16:33
1813
Бөлісу:
Бокстан Азия чемпионатынан екі алтын бұйырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Екі алтынның біреуін бұған дейін хабарлағанымыздай, 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет еншілеген. Ол финалда үндістандық Ашиш Кумарды жеңді.

Екінші алтынның иегері – 81 келіде жұдырықтасқан Бек Нұрмағанбет. Түркістандық боксшы финалда Филиппин елінен келген Джон Нобель Марвиннің осал тұсын тапты. Бек ересектер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. 

Екі күмістің біреуіне 60 келідегі Зәкір Сафиуллин қол жеткізсе, екіншісі аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевқа тиесілі. Құрама капитаны шешуші шайқаста өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа есе жіберді. 

Бұған дейін жартылай финалда сүрініп, қола жүлдеге Теміртас Жүсіпов (49 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі) және Василий Левит (91 келі) ие болған еді. 

Жалпы командалық есепте Қазақстан екінші орын алды. 10 салмақтың төртеуінде топ жарған Өзбекстан құрамасы Азия чемпионатында үздік шықты. Үштікте Үндістан бар.

Азия-2019 чемпионатының қорытындысы:
1. Өзбекстан – 4-1-1 (6)
2. Қазақстан – 2-2-3 (7)
3. Үндістан – 1-3-3 (7).
Өзгелердің жаңалығы