БҚО-да ақсақалдардың «Ақ бата» сайысы өтті

9 Қараша 2020, 11:50
1722
Бөлісу:
БҚО-да ақсақалдардың «Ақ бата» сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҚО Теректі аудандық мәдениет үйінде «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық «Ақ бата» сайысы өтті, деп жазды ҚМДБ сайты.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында үш жыл қатарынан ұйымдастырылған байқауға 11 аудан мен облыс орталығы Орал қаласынан 14 үміткер қатысты.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау, теріс діни ағымдардың алдын алу, салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында өткен сайыста Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов, ҚМДБ-ның БҚО бойынша наиб имамы Бақытжан Сабралиев және БҚО Дін істері басқармасының теолог маманы Бейімбет Дүйсенәлі қазылық етті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ақсақалдар қалаған тақырыбында бата берсе, екінші бөлімде арнайы билет суырып, тақырып бойынша ақ батаны төкті.

Сайыс нәтижесінде әулетінің шежіресінен сыр шертіп, бата берудегі өзіндік стилімен көзге түскен Тасқала ауданының тұрғыны Жұмагелді Үмбетәлиев І орын тұғырынан көрінді. Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Сатыбалды Төлегенов ІІ орын, Казталов ауданынан Исмағұл Мусин ІІІ орынды иеленді.

Қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Еліміздегі жағдайға байланысты шараны көрермендер «Бірлік» қоғамдық бірлестігі мен «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің Instagram-дағы парақшасынан тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы