Бас жаңалықтар
БҚО-да 2 жылда 1,2 млн га ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлер анықталды
25 Мамыр 2021, 17:13 20079

БҚО-да 2 жылда 1,2 млн га ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлер анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев 2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткен баспасөз мәслихаты барысында айтты.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, соңғы 2 жыл ішінде 1,2 млн га ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлер анықталды. Соның ішінде 574 мың га жердің пайдаланушылары өз жер телімдерін игеруге кірісті, 149 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қалған жер пайдаланушылар бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстардың іске асуы арнайы жасақталған геоақпараттық портал арқылы мүмкін болды. Қазір геопортал орталық мемлекеттік органдардың базаларымен интеграциялаудан өтуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң ауылшаруашылық жерлерін беру процесі автоматты түрде берілетін болады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 32,7 млрд теңге құрады, бұл мал шаруашылығы 2,7%-ға өсуіне байланысты, - деді ол.

Әкімнің сөзінше, өсімдік шаруашылығында ауа райы тәуелділігінен арылу үшін егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Шаруа қожалықтары күздік және майлы дақылдар алаңдарын ұлғайтып, жаңа технологияларды қолдануда.

Мысалы, өткен жылы суарылған 5 мың га астам жердің 2,5 мың га заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылды. Ал 2021-2024 жылдары 28 шаруашылық заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылатын қосымша 19 мың га астам жерді қосу жоспарланып отыр. Қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау бойынша берілген Президент тапсырмасы аясында көкөніс сақтау қоймаларының санын 57-ге дейін көбейттік. Қосымша жалпы қуаты 20 мың тоннадан астам 8 көкөніс қоймасы салынатын болады. Оған қоса биыл көлемі 16 га құрайтын 2 жылыжай пайдалануға беретін боламыз, - деді Есқалиев.

Өңірде мал шаруашылығында осы жылдың 4 ай қорытындысы бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 9,3%, жылқы – 14,8%, қой мен ешкі - 2,8% өскен.

Өңіріміз етті ірі қара мал басы бойынша республикада II орында. Жыл басынан бері 470 тоннаға жуық ірі қара және қой еті мен ет өнімдері Ресей, Иран, Әзірбайжан және басқа елдерге экспортталды. Өткен жылы сала бойынша Орал қаласында «Орал құс фабрикасы» ЖШС жылына 18 млн дана жұмыртқа өндіретін жаңа цехты, ал «Кублей» ЖШС ауысымына 600 дана мал терісін өңдейтін цехын іске қосты. Бөрілі ауданында «Аманат» ШҚ жылына 7,7 мың тонна сүт өндіретін 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын пайдалануға берді. Бәйтерек ауданында ұзақ уақыт тоқтап тұрған 8640 басқа арналған бордақылау Кроун Батыс кешенін қайта іске қосылды, - деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге, осы жылы қуаттылығы 54 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіретін 2 сүт зауыты пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін БҚО әкімі 1 мамырдан бастап «қызыл» аймақтағы 6 аудан бойынша блок-бекеттер орнатылғанын мәлімдеді.



Фото: дереккөз
Загрузка...