Бас жаңалықтар
Біздің проблемамыз ешкімге қызық емес – Ноғаев қарамағындағыларды сынға алды
29 Мамыр 2019, 18:44 526

Біздің проблемамыз ешкімге қызық емес – Ноғаев қарамағындағыларды сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев энергиямен жабдықтау, сумен, газбен, жылумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиналыс барысында энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев облыс тұрғындарын сумен, жылумен, газбен және электр энергиясымен үздіксіз қамту жайын баяндады.

«Бүгінде облыстың 125 елді мекені орталықтандырылған сумен қамтылған, бұл - 78,9%, яғни тұрғындардың 99,2% деген сөз. 21 елді мекенге ауыз су арнайы көлікпен жеткізіледі», - деді Мұрат Иғалиев.


Ноғаевтың айтуынша, аталған елді мекендерде ауыз су мәселесін басып айтты. 

«Ол жаққа суды көлікпен апарады, ал оның сапасын кім бақылап отыр? Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулықтарына тікелей әсер етеді. 13 елді мекенде орталықтандырылған сумен қамту жүйесі жоқ, яғни олар суды құдықтан алып отыр. Мұнда да ауыз су сапасы туралы мәселе бар», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде кейбір елді мекен ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарында проблема бар.


«Жағдай сын көтермейді, аудандарды сумен толық көлемде қамтамасыз ете алмай отырмыз. Біріктірілген кешеннің іске қосылуына байланысты су жинау жеткіліксіз. Сутаратқышты толық жөндеуден өткізу керек», - деді «Магистралды сутаратқыш» ЖШС бас директоры Мадияр Берлібаев.

Осы компания «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды сутаратқышын және оған жапсарлас сутартқы желілерін басқарады. Сутаратқыш коммуналдық мекемелерге су жеткізеді, ол жерде судың сапасы жақсартылып, елді мекендерді қамтамасыз етеді.

Компания басшысы қалпына келтіру жұмыстары аясында 56 км сутаратқыш салынғанын атап өтті, соның арқасында жақын уақытта су беру көлемі 20 мың куб метрге дейін артады. Қарбалас кезеңде дәл осы мөлшерде су жетіспейді.

2020 жылдан бастап осы сутаратқыштан 15 мың куб метр техникалық су мұнайхимия технопаркін қамтамасыз ететін болады. Бұл аймақ тұрғындарын сумен қамту көрсеткішін біраз төмендетеді. Сондықтан облыс әкімі биыл пайдалануға берілетін кәріз тазарту кешенінің техникалық суын пайдалану мәселесімен бүгіннен бастап айналысу керектігін атап өтті.

«Біздің стратегиялық міндетіміз – өңір тұрғындарын сумен қамтудың барлық талаптарын сақтай отырып, экономиканы дамыту. Біріне бірі кеселдік келтірмеуі керек. Су ресурстарын тиімді пайдалану мүмкін болған кезде неге суды булану алаңына төгеміз? Одан да тиісті сапасына дейін жеткізіп, Қарабатанға және мұнайхимия кешеніне апарайық», - деді Нұрлан Ноғаев.

Электр энергиясымен әсіресе жазғы маусымда үздіксіз қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. «Атырау жарық» АҚ президенті  Сүндет Кенжеғалиевтің айтуынша, қалада трансформатор станцияларын ауыстыру жұмыстарын қолға алу керек.

«Электр энергиясымен жабдықтауды жақсарту үшін қосымша  50 трансформатор қосалқы станцияларын орнату туралы шешім қабылданған болатын. Тұрғындардан шағымдар бар. Төмен кернеу, әсіресе жазғы уақытта қолайсыздық тудырады. 50 жаңа қосалқы станция орнатумен қатар тұрғындардың әр кездері өздері салып алған ұзындығы 11 шақырым болатын электр желілерін ауыстыру қажет, себебі талапқа сай емес», - деді Сүндет Кенжеғалиев.

Энергетиктер биыл жазда электрмен жабдықтауда іркіліс болмайтынын айтып сендірді. Маңғыстау  АЭК-пен, басқа да электр энергиясын өндірушілермен аймақта электр энергиясын беруді 20-25%-ға жоғарылату бойынша келісімшарттарға қол қойылған.

«Бұл мәселені бүгін шешу керек. Ертең бәрі салқындатқыштарды пайдаланған кезде электр энергиясын тұтыну көлемі де артады, проблемалар болады. Сіздердің ұсынып отырған қызметтеріңіздің сапасы тұрғындардың көңілдерінен шыға бермейді. Әрине, қарыздарын төлемегендердің электр желілерін ажыратып тастайсыздар. Бірақ тұтынушыға электр энергиясын үздіксіз беруді қамтамасыз етулеріңіз де керек, тұтынушы зардап шекпеуі тиіс», - деді облыс әкімі Атырауэнергосату мекемесінің өкіліне. 

Энергия қадағалау жұмысы да облыс әкімінің сынына ұшырады. Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімдерін түсіндіру мәселесімен айналысу керек, бұл жұмыстарда бақылаудың аздығының кесірінен трансформатор желілерінде электр желісін әркім өз бетімен қосып алатын болды. Қала өсіп келеді, жаңа ықшамаудандар бой көтерді. Оларды коммуналдық инфрақұрылыммен қамту бірінші кезекте.


Жиналысты қорытындылаған аймақ басшысы тұрғындарды коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтуға қатысты проблемалардың шешімін табуы өте маңызды екенін атап өтті.

«Халық бізден сапалы қызмет көрсетілуін күтеді. Телеграмдағы чат-каналға шағымдар аз түспейді. Бірі электр энергиясында іркіліс болды десе, енді бір су жоқ дейді. Осының бәрі бақылауда болуын тапсырамын, тұрғындарды тиісті қызметтермен толық қамту керек. Ешкімге біздің проблемаларымыз, бюджет сұранымы, тендер, құрылыс нормалары мен ережелері секілді мәселелер қызық емес. Олар тиісті ресурстарды үздіксіз алғылары келеді, біздің міндетіміз – осыны қамтамасыз ету», - деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.


Фото: дереккөз
Загрузка...