Бас жаңалықтар
Биыл ШҚО-да 100 көше орташа жөндеуден өткізіледі
14 Шілде 2020, 17:34 167

Биыл ШҚО-да 100 көше орташа жөндеуден өткізіледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс өңіріндегі елді мекендерде 6 жол қайта жаңғыртылып, 100 көше орташа жөндеуден өтеді.

20 жол орташа жөндеуден өтеді

Биылғы жылдың мамыр және қазан айларының аралығында облыс орталығында жол жөндеуге қатысты 20 жоба іске асып, 20,6 шақырым жол жабыны қалпына келтіріледі.

Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, үстіміздегі жылдың жаз және күз айларында Өскемен қаласы бойынша жол құрылысына қатысты жалпы сомасы 6,6 млрд теңгені құрайтын 20 жоба қолға алынған екен.

Олардың ішіндегі ең ірілері ретінде "Өскемен-Семей" тасжолының Меновное ауылынан Ахмер ауылына дейінгі аралығындағы бөлігін және Лопатин аралынан Ахмерге дейінгі жол бөлігін, сондай-ақ Шәкәрім даңғылының Абай даңғылынан Добролюбов көшесіне дейінгі бөлігін қайта жөндеуге қатысты жобаларды атап өтуге болады. Өйткені, аталмыш жобаларға қала бойынша жол құрылысына бөлінген қаражаттың 60 пайыздан астамын жұмылдыру көзделген.

Бұдан бөлек, биыл өңірдің бас шаһарында шақырымнан астам трамвай жолының рельстері қайта төселіп, екі шақырым ұзындықтағы жол бойында кабель жүйелері жаңартылады. Сонымен қатар, 2020 жылдың қазан айына дейінгі аралықта Өскемендегі Промышленная, Рабочая, Виноградов, Шоссейная, Өтепов, Чехов, Мыза, Қалихан Ысқақ, Восточная көшелері мен 23 шағын аудандағы жаңадан салынған жолдар, Назарбаев даңғылы орташа жөндеуден өткізіледі.

 

Қомақты қаражат қарастырылған

Биыл Семей қаласында 16 көше орташа жөндеуден өткізіледі. Жалпы сомасы 2,6 млрд теңгені құрайтын жол жөндеу жұмыстары аясында Абай елінің бас шаһарында 16,5 шақырым жол бөлігі орташа жөндеуден өткізілсе, Жангелдин көшесінен "Омбы-Майқапшағай" тасжолына дейінгі аралықтағы автомобиль жолы қайта жөнделеді. Сондай-ақ, аталмыш жол бөлігі биылғы жылы Семейдегі жол құрылысына бөлінген қаражаттың 60 пайызын құрайды.

Мамыр - қазан айлары аралығында жөнделетін көшелер қатарына Би Боранбай, Строительная, Шымкент, Кәрменов, Цементная, Герцен, Рысқұлов, Сеченов, Дулатов, Тукай, Қаржаубайұлы, Глинки, Восход кентіндегі Предгорная, 408 кварталдағы көшелер мен Жұқпалы аурулар ауруханасының кіреберіс жолдары кіреді.

Ағымдағы жылы Шығыс өңірі аумағындағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ көше жолдары желісін дамытуға 40,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 22,1 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 18,6 млрд теңге қарастырылған, - дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мұстафин.

 

106 көше қайта жаңғырады

2020 жылы өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар 8 қалада 32 көше орташа жөндеуден өткізіліп, 42,5 шақырым жол жабыны қайта жаңартылады. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың мамыр-қазан айлары арасындағы орташа жөндеу жұмыстарымен облыстық маңыздағы Алтай, Риддер, Курчатов қалалары мен Аягөз, Зайсан, Шар, Шемонаиха және Серебрянск сияқты аудандық маңызға ие қалалардың көшелері орташа жөндеу көреді. Облыстық басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, биыл аталмыш елді мекендерде жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 32 жоба жүзеге асырылады.

Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мұстафиннің хабарлауынша, 2020 жылы жол жөндеуге қарастырылған қаражаттың басым бөлігі республикалық қаражат еншісінде көрінеді. Осының арқасында, өңірдің елді мекендеріндегі 106 көше қайта жөнделмек.

Биыл республикалық бюджеттен бөлінетін 22,1 млрд теңгенің 4,5 миллиарды 50/50 паритеттік қаржыландыру аясында қрастырылса, 1,5 миллиарды "Ауыл – ел бесігі" арнайы бағдарламасы, ал 16,1 миллиарды "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы шеңберінде қарастырылған қаражаттар болмақ, – деп қосты Ернар Мұстафин.

 

Ақын елінде бес жоба жүзеге асады

Биыл ақын Абайдың туған өлкесіндегі бес елді мекеннің бес көшесі орташа жөндеуден өткізіледі. Естеріңізде болса, біз бұған дейін Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Ұлы ақынның туған жерінде абаттандыруға және жол құрылысына қатысты ауқымды жобалардың қолға алынатыны жөнінде айтып кеткен болатынбыз. Солардың біразы осы бес жобамен байланысты. Облыстық басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылы жалпы сомасы 114,7 млн теңге қаражатқа 4,7 шақырым жол жабыны орташа жөндеуден өткізілмек көрінеді.

Атап айтсақ, биыл Абай ауданының орталығы Қарауылдағы Тоқтамыс, Саржал ауылындағы Матаев, Көкбай ауылындағы Көкбай және Шәкәрім, Кеңгірбай би ауылындағы Айпара, Құндызды ауылындағы Ақтамберді көшелері орташа жөндеу көрмек. Соңғы екі елді мекендегі қос көшедегі жөндеу жұмыстарының тағы бір ерекшелігі – оларға қарастырылған қаражаттың 4-деңгейлі бюджет көзінен болуы.

Ағымдағы жылы қайта жаңғырту және орташа жөндеумен 630 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Барлық көшеге асфальт төселеді. Облыс бойынша жөндеу көретін 106 көшенің алтауы қайта жаңғыртылса, 100 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, - деді ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мұстафин.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...