Бас жаңалықтар
Биыл Павлодар облысына 264 жас дәрігер келеді
11 Шілде 2019, 11:57 169

Биыл Павлодар облысына 264 жас дәрігер келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыста медицина саласындағы қызметкерлерге 100-ден астам пәтер бөлінген, деп хабарлады pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ержанов мәлім етті. 

Erzhanov12.jpg

«Өткен жылы облысымыздағы медициналық ұйымдарға 131 жас маман келді. Биыл басқаша жүйе қалыптасты. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен мемлекеттік грантпен оқыған әр жас маман 3 жыл медициналық ұйымдарда қызмет атқаруға міндеттелді. Осы арқылы ұйымдарға тартылатын жас мамандардың саны артуда. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға баса назар аударылады. Жергілікті атқарушы органдар көтермеақы беру, үй бөлу арқылы қолдау көрсетуде», - деді Ерлан Ержанов. 

2018 жылы облыс бойынша 32 ведомствоның үйі жас мамандарға берілген. Биыл облыстағы ұйымдарға келетін мамандардың саны 2 есеге өсіп, 264-ке жеткен. 

«Ақсу қаласында жас мамандарға арналған жаңа үйден 15 пәтер бөлінген,  Оның бесеуіне орналасатын мамандар белгілі. Екібастұз қаласында денсаулық сақтау саласының мамандарына 86 пәтер дайындалған. Пәтерлерді мамандар тек 8000 теңгеге ғана жалдайды. Оған қоса, облысымызда ауылдық жерлерге жұмысқа келген жас мамандарға 70 АЕК мөлшерінде көтермеақы төленеді. Биыл бұл сома 176 750 теңгені құрайды. Сондай-ақ, баспана алу үшін 0,001%-бен несие беріледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 12 дәрігер өтініш беріп, өз пәтерлеріне қол жеткізді. Аталған бағдарлама бойынша қызметкерлердің алғашқы жарнаны төлеуіне көмек көрсету мақсатында 1 млрд теңге бөлінді. 

Спикердің айтуынша, өңірде жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ акушер-гинеколог, реаниматологтар да қажет. 

Erzhanov123.jpg

«Биыл келетін 264 маманның 65-і жалпы тәжірибедегі дәрігерлер. Олар қазір 7 жылдық оқуын тәмәмдады. Арасында 9 жыл оқитындар бар. Арнайы бір бағытқа маманданып, тереңдетіп оқуы мүмкін. Жалпы өңірімізге 102 жалпы тәжірибедегі дәрігер қажет болған. 65 маманмен шарт жасалып өңірдегі аталған дәрігерлер саны 301-ге жетті. Енді 37 жалпы тәжірибедегі дәрігер керек. Мамандарды тарту бойынша атқарылып жатқан шаралар арқылы бір дәрігерге жүктелетін міндет азаяды. Әсіресе, емханалардағы бір дәрігердің мойнына артылатын жүк көп», - деді Ерлан Ержанов.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Екібастұз, Ақсу қалаларының және бірнеше аудандардың бас дәрігерлері қажетті мамандарды іздестіру үшін облыстан тыс сапарда жүр. Олар жас емес, тәжірибелі мамандарды іздестіруде.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық