Биыл елордада зейнеткерлер арасында АИТВ жұқтырған 4 жағдай тіркелген

14 Мамыр 2019, 14:34
2850
Бөлісу:
Биыл елордада зейнеткерлер арасында АИТВ жұқтырған 4 жағдай тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде АИТВ вирусын жұқтырған адамның әлеуметтік портреті өзгеріп келеді. 7 жыл бұрын АИТВ жұқтырған адамның әлеуметтік портреті – еліміздің басқа аймақтарынан келген, есірткіні пайдалану тәжірибесі бар, көбінесе бас бостандығынан айыру орындарынан келген, дертті парентеральды жолмен жұқтырған, жұмыс істемейтін ер азамат болса, қазіргі уақытта бұл – 20-39 жас аралығындағы, ірі мегаполис тұрғыны (88%), жоғары, аяқталмаған жоғары немесе орта-арнайы білімі, тұрақты жұмысы және табысы бар, есірткі пайдаланбайтын, жыныстық жолмен жұқтырған азаматтар. Бұл туралы елордадағы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының басшысы Сәбит Әбдірайымовтың айтуынша, бүкіл әлемде АИТВ-ның таралу тарихы ауыр күйзелістер мен шығындарға толы. Бірақ ғылым мен медицинаның заманауи жетістіктерінің арқасында бүгінде бізде ондаған мың адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.

«Бүгінгі таңда АИТВ инфекциясы – созылмалы ауру. АИТВ жұқтырған адам емін үзбей, уақытылы қабылдап отырған жағдайда өмір бойы АИТВ-инфекциясының бастапқы сатысында қалуы және өзін жақсы сезінуі мүмкін. Бірақ ескере кетер жайт, емдеу процесіне пациенттің атсалысуы, дәрі-дәрмектерді қабылдау тәртібі мен шарттарын сақтауы өте маңызды», - дейді Сәбит Әбдірайымов.

Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша, Астана қаласында АИТВ жұқтырған 1720 жағдай тіркелген, оның ішінде 1544-і Қазақстан Республикасының азаматтары.

«Негізінен бұл дертпен ер азаматтар көбірек ауырады. Биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша АИТВ жұқтырғандардың 61%-ы ер адамдар. Жас құрамы бойынша жұқтырғандар арасында ағымдағы жылдың І тоқсанында 50 жастан асқан тұлғалар арасында тіркелу 2,5 есеге өскені байқалады. Сондай-ақ, қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында АИТВ жұқтырған 3 жағдай тіркелді. Былтыр елордада зейнеткерлер арасында АИТВ жұқтырған 1 жағдай тіркелсе, биыл 4 жағдай тіркелген», - дейді ол.

Бүгінде АИТВ – үкім емес. Қазіргі заманғы емдеу технологиялары АИТВ-тың ерте сатысында анықталған адамдарға оқуды жалғастыра отырып, жұмыс істеуге, өз ісінде табысты болуға, ата-ана болуға және дені сау балаларды тууға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы