Биыл елімізде 130 млн түп көшет егілді

7 Желтоқсан 2021, 17:28
1065
Бөлісу:
Биыл елімізде 130 млн түп көшет егілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова 2 миллиард көшет егу жұмысы туралы айтып берді.

Биыл ағаш отырғызу жоспары толығымен орындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес қазір барлық облыста орман алқабын ұлғайту жұмыстар легі басталып кетті, - деп айтты вице-министр.

Оның сөзінше, 2025 жылға дейін 1 млрд 539 млн ағашты жергілікті атқарушы биліктің көмегімен отырғызу жоспарланып отыр. Экология министрлігі ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында 251 млн ағаш отырғызуға ниетті. Бұдан бөлек, табиғат пайдаланушылардың күшімен 210 млн түп ағаш егу жоспарда бар.

Жоба аясында ағаш егу ісінде негізгі басымдық Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының деградацияға ұшыраған шөлейті жерлеріне беріледі. Осы жылы ағаш отырғызу жұмыстарына 12 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 422 техника мен қажетті құрал-саймандар сатып алынды. Осы жылдың жоспары толық орындалды, шамамен 62 мың га жерге 130 млн түп ағаш отырғызылды, - деп атап өтті вице-министр Шалабекова ОКҚ-да.

Әлия Шалабекова атағандай, әр өңірде тал егу жұмыстары орман алқабын ұлғайтудың барлық ережелеріне және ғылыми негіздерге сүйеніп жасалады.

Өзгелердің жаңалығы