Тарақанның уын жеп қойған 1,5 жасар бүлдіршін аман қалды

16 Сәуір 2019, 14:55
2336
Бөлісу:
Тарақанның уын жеп қойған 1,5 жасар бүлдіршін аман қалды
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тарақанның уын жеп уланған 1,5 жасар қызды жедел медициналық жәрдем дәрігерлері Леңгір ауруханасына жеткізді. 

Түркістан облысы Леңгір қаласының орталық ауруханасына түскен кішкентай науқасқа дер кезінде шұғыл көмек көрсеткен дәрігерлердің арқасында қазір оның өміріне қауіп жоқ. Сәбиге «жіті улану» диагнозы қойылған. Қыздың ата-анасының дәрігерлерге деген алғысы шексіз. 

Қайғылы оқиға Леңгір қаласында болған. Ата-анасы үйлеріне келген қонақтармен жүрген кезде, қараусыз қалған қыз еденнен тауып алған уды жеп қойған. Анасы дер кезінде байқап қалып, жедел жәрдем шақырса да сәби улы заттан зардап шеккен. 

«Кішкентай қыз бала ауруханаға кеше түнде түсті. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы, бірқалыпты. Дәрігерлердің қарауында. Осында әлі 3-4 күндей жатып, ем алады. Бұл тұрмыс жағдайында балалардың зардап шегіп жатқан алғашқы жағдайы емес. Ата-аналарға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кішкентай баланы жалғыз қалдыруға болмайтынын, кез келген уақытта оның өмірі қыл ұшында екенін ескертумен келеміз», - деді Леңгір қалалық ауруханасының бас дәрігері Жандар Нышанов. 

Қысқасы, медицина қызметкерлері өңір тұрғындарына қырағы болуға, тұрмыстық құралдарды, шығу тегі белгісіз химиялық заттарды пайдаланбауға, сертификатталмаған өнімдерді сатып алмауға шақыруда. Улы жәндіктердің көзін жою үшін пайдалану кезінде сақ болуға, өз өмірі мен өзгенің өмірін қауіп-қатерге тікпеуді ескертеді. 

Айта кетейік, дәл осы ауруханада дәрігерлер 60 жастағы ер адамның өмірі үшін де бірнеше күн бойы күрескен. Бүгін ол реанимациядан қарқынды терапия палатасына ауыстырылды.

Науқастың айтуынша, ол қазан тазалайтын тұрмыстық химияны сусынмен шатастырып ішіп қойған.



Өзгелердің жаңалығы