Бас жаңалықтар
БҒМ: Енді педагогтер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады
11 Наурыз 2021, 10:48 1048

БҒМ: Енді педагогтер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагог мамандарын жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, педмамандық бойынша алғаш рет жұмысқа тұратындар мамандарға да қоса тиісті квалификация алу міндеті енгізіледі.

Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурс арқылы нақты біліктілік көрсеткіштеріне сәйкес жүргізіледі. Ол толығымен электронды форматқа ауыстырылады.

2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алғаш рет тұру үшін енді үміткерлер кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтеді. Яғни дипломға қоса тиісті квалификация алу міндеті енгізіледі. Сонымен бірге педагогикалық кадрларды дайындау деңгейін арттыру мақсатында ЖОО-ларға қабылдау талаптарын да күшейттік, - деді Білім басшысы.

Педагогикалық мамандыққа мықты түлектерді ғана қабылдау үшін ҰБТ-ның шекті балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді.

Сондай-ақ, осы мамандыққа түсуді ынталандыру үшін болашақ педагогтерге стипендия мөлшері 42 мың теңгеге дейін артты. Олар ең үлкен стипендияны алып отыр. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы. Осының бәрі оң нәтиже беріп отыр, - деп айтты Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегелері екі есеге көбейді. Педагогикалық мамандыққа түскендердің орташа балы 60-тан 90 балға дейін жетуде. Бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын да арттырады.


Фото: дереккөз
Загрузка...