БҒМ 1 қаңтардан бастап кімдердің жалақысы өскенін айтты
13 Қаңтар, 14:51 392

БҒМ 1 қаңтардан бастап кімдердің жалақысы өскенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждердің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға ұлғайды.

Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен педагогтердің жалақысы 2020 жылдың қаңтарында 25%-ға және 2021 жылдың қаңтарында тағы 25%-ға өскен болатын. Осылайша, мұғалімдердің жалақысы екі есе ұлғаяды.

Біз мұғалімдердің жалақысын көтерудің сөзсіз оң әсерін көріп отырмыз. Біздің кәсібімізге –педагог кәсібіне қазіргі таңда үздіктер келеді. Педагогикалық мамандыққа түсетіндердің ҰБТ орташа балы айтарлықтай өсті және  «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есеге көбейді. Мұғалімдердің еңбекақысын арттыру ел болашағына үлкен инвестиция болып табылады. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Президент Қ.К. Тоқаев тапсырғандай, барлық педагогтер жоғарыланған жалақы алатын болады. Сонымен қатар, жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін төленетін үстемеақылар, – деп атап өтті бірінші вице-министр Шолпан Каринова.

Айта кетейік, педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша ақыларға байланысты есептеледі.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы магистрлік дәреже үшін үстемақы алушылар шеңбері кеңейтілді. Атап айтқанда, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне магистр дәрежесі үшін қосымша ақы белгіленді. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін төлемдер қарастырылған.

Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кітапханашылар, бухгалтерлер, зертханашылар және білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2022 жылдың қаңтар айында олардың жалақысы орта есеппен алғанда 20%-ға артады және ары қарай жыл сайын Президент жолдауы шеңберінде өсіп отыратын болады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...