Бердібек Сапарбаев өңірдегі тіл жанашырларын марапаттады

6 Қыркүйек 2021, 23:21
1610
Бөлісу:
Бердібек Сапарбаев өңірдегі тіл жанашырларын марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының Бердібек Сапарбаев өңірдегі бірқатар тіл жанашырларын марапаттады. Бұл туралы облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қай ұлтта, қай елде болса да ең бір қастерлі де қадірлі ол – Тіл. «Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді» дегендей, бүгінде елімізде мемлекеттік тілді дамыту, болашағын баянды ету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, тілдің неғұрлым қолдану аясын кеңейте отырып, мәртебесін арттыруда әрбіріміздің үлесіміз қажет. Тілге деген құрметті әрбіріміз өзімізден бастағанымыз жөн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында да айқын атап өтті. «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл - қазақ тілі. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс», деді Президентіміз. Расында, көпұлтты елімізде тіл - ортақ тілтабысу мен ұғысудың, татулық пен бірліктің негізі. Ал, бірлік бар жерде береке, даму болатыны анық, – деді Сапарбаев.

Сондай-ақ ұлты өзге болса да, тілегі бір азаматтарымыз мемлекеттік тілді меңгеріп, көпке үлгі болып жүрген өңірдегі бірқатар тіл жанашырларын марапаттады.
Бұл - барша қазақстандықтың міндеті. Өйткені, тілге деген құрмет - елге деген құрмет. Осы орайда айта кету керек, барша ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруі жергілікті халықтың белсенділігіне тікелей байланысты. Өзіміз ең алдымен ана тілімізді құрметтей білсек, өзгелер де қадір тұтады. Қазақ тілінің мерейі өссе, ұлт мерейі өседі. Тілге құрмет отбасынан, балабақшадан басталып, оқу орындарынан жалғасын табуы тиіс, – деді облыс басшысы.

Өзгелердің жаңалығы