Батысқазақстандық альпинистер Эльбрус шыңын бағындырды

12 Қыркүйек 2019, 04:04
2452
Бөлісу:
Батысқазақстандық альпинистер Эльбрус шыңын бағындырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бір топ отандық әуесқой альпинист Ресей және Еуропадағы ең биік тау Эльбрустың шыңын бағындырды, деп хабарлады БҚО әкімдігінің ресми сайтында.

29 әуесқой альпинист тауға шыңына шығуға бел буып, соның 14-і шыңды бағындырған. Солардың бірі оралдық Нәдір Құрымбаев шыңға шығудың қиындығы мен қызығы туралы айтып берді.

«Эльбрус тауының шыңын бағындыру идеясы ортақ досымыздың ұсынысынан соң пайда болды. Нәтижесінде Оралдан 29 адам тау шыңын бағындыруға бел будық. 29 адамның 14-і тау шыңына шыға алды және оған бір апта уақыт кетті. Негізі экспедициямыз Оралдан бастау алып, одан әрі Самара, Саратов, Волгоград, Кисловодск одан әрі Эльбрус тауына өз көлігімізбен жеттік. Біз кәсіби емес белсенді, әуесқой альпинистер тобымыз. Альпинизмнен бөлек біз түрлі жүгіру марафондарына қатысамыз. Біздің топтың құрамында барлық сала өкілдері бар, яғни студенттен бастап кәсіпкерге дейін», - деді Нәдір Құрымбаев.

Әуесқой альпинистер Эльбрус шыңын бағындыруға бір ай бойы дайындалған.

«Дайындық негізінен физикалық тұрғыда өтті. Мысалы, күніне 100 баспалдаққа мініп түсу. Одан бөлек, жүгірумен айналыстық және аптасына 3 рет 90 шақырымға велосипед теуіп дайындалдық. Тұрақты жаттығудың арқасында тау шыңын бағындырдым деп ойлаймын. Басқаларды білмедім, маған тауға шығу соншалықты қиындық туғызған жоқ. Жалпы тау ерекше табиғат жаратылысы және тау кез келген адамды қабылдай бермейді. Жалпы тауға шығуда екі басты қиыншылық бар. Алдымен адамдарға оттегінің жетіспеуі, қатысушылардың біразы жарты жолда бастары айналып, құсып, ауа жетіспеушілік болды. Екінші мәселе, таудың басы болғандықтан, қатты жел, ызғар немесе күннің көзі адамға әсер етеді. Өз басыма биікке көтерілген сайын ауаның жетіспеушілігі байқалды», - деді ол.

Оның айтуынша, оралдық белсенді еріктілер тобы 2018 жылдан бастап түрлі облыстық, республикалық және халықаралық марафондар мен спорттық шараларға қатысып келеді.

«Еріктілер тобын құрғанда көбісі жүгіруді әлі бастамаған еді. Менің өзім танымал марафоншы Марат Жыланбаевтан 1 айлық дәріс алып, содан соң түрлі жүгіру марафондарына қатыса бастадым. Осы күнге дейін әртүрлі деңгейдегі 10 шақты марафонға қатыстым. Оның ішінде баспалдақ арқылы жүгіру, тау бөктерінде жүгіру және тағы басқа марафон түрлері бар. Алдағы жсопарға келсек, қараша айында Италияның Гарда қаласында өтетін халықаралық марафонға жол жүргелі отырмыз», - деді әуесқой альпинист.

Бүгінде белсенділер тобы Орал қаласында жүгіру жолағын салу мақсатында халықтан ерікті түрде жылу жинауда.

«Эльбрус тауының шыңын бағындыруды өзіндік рекорд деп санаймын. Себебі әр адамның қандай да бір жетістігі ол өзінше рекорд болып саналады. Оның үстіне бізді дайындаған нұсқаушының айтуынша, кәсіби альпинистердің өзі Эльбрус шыңын бір шыққанда бағындыра алмаған. Осы орайда, мен үшін бұл үлкен жеңіс, оның үстіне менің тауға алғаш шығуым. Жалпы жүгірумен қатар триатлон және велосипед тебумен тұрақты түрде айналысамын»,- дейді ол. 

Сондай-ақ, жерлесіміз тауға шығуды ұнататын және альпинизммен айналысқысы келетін адамдарға өз кеңесін айтты.

«Алдымен тауды сүю керек. Екіншіден тауға шығу, өрмелеу, альпинизм бойынша білімін жетілдіру қажет. Сол сияқты осы саланың адамдарымен сөйлесіп, ақыл-кеңесін алған артықтық етпейді. Және ең бастысы әрине ол адамның физикалық дайындығы мен денсаулығы. Тауға шығу өте көп жаттығу мен тұрақты дайындықты талап етеді», - деді Н. Құрымбаев.

 

Өзгелердің жаңалығы