Бас мүфти кәсіпкерлерге арнап үндеу жариялады

13 Шілде 2021, 09:48
2522
Бөлісу:
Бас мүфти кәсіпкерлерге арнап үндеу жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге арнап арнайы үндеу жариялады.

Қадірлі отандастар! Құрметті кәсіпкерлер!  Мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айтқа санаулы күндер қалды. Ұлық күнде исі мұсылман баласы шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, алғысын алуға тырысады, - делінген бас мүфтидің үндеуінде.

Адамның алғысын алып, батасына бөлену – сауапты істің бірі. 

Халқымыз: «Алғыс алған арымас. Бота алғанша бата ал» дейді емес пе? Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» дейді. Демек, құрбан айт күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу, - дейді Наурызбай қажы.

Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. 

Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, - делінген үндеуде.

Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят) деп баяндаған. 

Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысайық. Ардақты ағайын! Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген сүйінші хабар жеткізген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетін болады. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол үшын созуға шақырамын. Хақ Тағала кәсіптеріңізге береке, игі істеріңізге мол сауаптан жазғай! Әмин! - дейді бас мүфти.

Өзгелердің жаңалығы