Бас жаңалықтар
Елорда – Тұңғыш Президентіміздің төл туындысы – Бақдаулет Жанділдаев
22 Наурыз 2019, 18:36 711

Елорда – Тұңғыш Президентіміздің төл туындысы – Бақдаулет Жанділдаев

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. "Жас Отан" Жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы Бақдаулет Жанділдаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел астанасына Нұр-Сұлтан атауын беру жөніндегі ұсынысына қатысты пікір білдірді.

«Бүгінгі күні бас қаламыз күллі әлем көз тігіп отырған көптеген іс-шараларды өткізуде. 20 жылдың ішінде Елордамыз адам танымастай өзгеріп, Қазақстан Республикасының айнасы болып отыр. Бас қаламыздың сәулетін құру үшін әлемге әйгілі сәулеткерлердің ғимараттары бой көтерген. Солардың барлығын ұйымдастырып, Астананың 20 жыл ішінде ару қалаға айналуына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өлшеусіз үлес қосты. Елбасының осы уақытқа дейінгі Елімізге, Астана қаласына қосқан үлесін ескере отырып, Астана қаласы Президентіміздің атымен өзгерту туралы ұсыныс көңілімнен шықты», - дейді Бақдаулет Жанділдаев.

Оның пікірінше, Ұлт көшбасшысы өмірде болмаған, жүзеге асуы мүмкін еместей идеяларды іске асырды, тәуекелге барды. Өз қолымен іргетасын құйып, қабырғасын қалаған ғимараттарының жобасын сызып, орнын белгілеген еңселі Елорда қазақстандықтардың ертеңге деген нық сенімі, асқақ арманындай.

«Мұндай қадамға бару әркімнің қолынан келе бермейді. Елбасы еліміздің іргетасын қалап, Сарыарқа төрінде Астана қаласын құрды. Астана қазір сұлу, көз сүйсінер қалаға айналды. Елорданың мұндай болатынына ешкім сенбеді. Бұл Елбасының көрегенді саясатының, өзінің бас архитектор, негізін қалаушы болуынан осындай дәрежеге жетті. Елбасының бұл батыл бастамасы бүгінде халқын қуантқан, жұртын жадыратқан, мақтан тұтар айбарына айналған жоқ па?! Бүгінде астанамыз бейбіт күннің, жаймашуақ өмірдің, жарқын болашаққа ұмтылыстың, тез дамып, тез өркендеудің үкілі символындай. Кім болмасын айшықты Астананы көре сала-ақ, қазақстандықтардың болашаққа қол созған бәтуәлі де, берекелі ел екенін ұғынар. Елорда - Тұңғыш Президентіміздің төл туындысы болғандықтан, мұндай өзгертулер заңды деп ойлаймын», - дейді Бақдаулет Жанділдаев.



Фото: автордан

Сізден жаңалық