Балқаш көлінің жағасындағы улы қалдықтың соңғы бөлігі шығарылады

24 Маусым 2020, 23:05
1969
Бөлісу:
Балқаш көлінің жағасындағы улы қалдықтың соңғы бөлігі шығарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш көлінің жағасында орналасқан кеңестік замандағы "Дарьял-У" радиолокациялық стансасының аумағында осы күнге дейін сақталып келген улы полихлордефинил (ПХД) конденсаторларының соңғы бөлігі шығарылады. 

Екі айдың ішінде Балқаш жағасынан 6002 улы конденсатор мен құрамында ПХД қалдығы бар үш контейнер залалсыздандыруға жіберіледі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы, Қарағанды облысы әкімдігі, "ӨКМ Операторы" ЖШС және "Дарьял-У" жобасына қоғамдық мониторинг жүргізу үшін арнайы құрылған комиссия өкілдерінің бақылауымен қауіпті қалдық тиелген соңғы жүк Балқаш көлінің аймағынан шығарылды.

2004 жылы радиолокациялық стансаны бөлшектеген кезде нысан аумағынан 16 мың бірлік қауіпті конденсатор табылған болатын. Үш-төрт жыл өткеннен кейін 10 мыңнан астам конденсатор Германияға залалсыздандыруға жіберілді. Қалған 6002 конденсатор апатты қоймаларда сол бетінде қалып қойды. Кейін бюджеттік комиссия залалсыздандыруға қатысты қаржыландыру өтінімін қабылдамай тастады.

Осылайша қауіп тудырған улы ПХД қалдығы 15 жылдан астам уақыт көл жағасында сақталып келді. Сол жердің топырағы мен көл жағасынан алынған сынаманың өзі улы қалдықтың шектен тыс екендігін көрсетіп отыр. Ал ПХД қалдығы көлге құйылған жағдайда экологиялық  апатқа соқтырар еді.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы Төралқа Төрайымының осы проблеманы шешу жөніндегі бастамасы экологиялық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. 2019 жылы ҚЭҰҚ Төралқасы аталған мәселе бойынша басқармаға тапсырма жүктеген болатын. Басқарма "Дарьял-У" нысанында залалсыздандыру жұмыстарын қаржыландыру мәселесін қарау ұсынысын ӨКМ Операторына жолдады.  Өз кезегінде Оператор экологиялық сипаттағы өтінішке үн қатып, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік танытты.  Нәтижесінде 2020 жылдың 31 наурызында ӨКМ Операторы "Дарьял-У" нысанындағы ПХД қалдықтарын қайта қаптау, шығару және залалсыздандыру қызметтерін жүзеге асыру үшін 110 млн теңгеге тендер өткізді.

Жасалған келісім-шартқа сәйкес, құрамында ПХД қалдықтары бар улы заттар БҰҰ сертификатталған жаңа контейнерлеріне қайта қапталып шығарылады және уақытша сақтау үшін Степногорск қаласындағы мамандандырылған алаңға орналастырылады.

2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Эколюкс-Ас" компаниясымен келісімі шеңберінде улы қалдықтар экологиялық стандарттарға сәйкес толықтай залалсыздандырылатын болады.

Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық станса жерлерін қалпына келтіру үшін жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындауда.

Өзгелердің жаңалығы