Балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуда

11 Қыркүйек 2019, 13:06
3262
Бөлісу:
Балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде ауыр қылмыс жасаған азаматтардың жауапкершілігін күшейту және тиісті заңды қатаңдату тақырыбында брифинг өтті. 

Брифингте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бас прокуратура әзірлеп жатқан сәйкес заң жобасын таныстырды.

«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті одан әрі жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленді. Оған қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жеке түрлері үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер енгізілді. Мәселен, біріншіден, жыныстық жуыспаушылыққа қарсы қылмыс жасағаны үшін, зорлық-зомбылық пен сексуалды сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді бұл қылмыстар айыпты ауырлататын жағдайлар болмаса да, аса ауыр қылмыстар санатына жататын болады», - деді Марат Ахметжанов.
 
Оның айтуынша, балаларға қатысты жасалған сексуалды сипаттағы барлық зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаңдайды. 

«Балаларға сексауалды зорлық-зомбылық жасағаны үшін енді өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе кем дегенде 20 жылға түрмеге қамау жазасы қарастырылады», - деді Марат Ахметжанов ОКҚ брифингі барысында.

Бұған қоса, маманның мәліметінше, енді бұндай қылмысты біле тұра жасырған азаматтар да қатаң жазаланатын болады. 

Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыр қылмыстар үшін жаза күшейтіледі деген болатын.
Өзгелердің жаңалығы