Бала неге тісін қайрайды?

24 Шілде 2021, 22:56
28337
Бөлісу:
Бала неге тісін қайрайды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тіс қайрау медицинада бруксизм деп аталады. Қазақстандық дәрігер педиатр Жайна Батырханқызы балалардың неліктен тіс қайрайтынын, оны қалай емдеуге болатынын айтып берді.

Бұл туралы ол әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде айтты.

Балалар көбіне ұйықтап жатқан кезде тісін қайрайды. Оны ұйықтап жатқан бала өзі сезбегенімен, айналасындағы адамдарды алаңдатпай қоймайды. Ал күндіз тіс қайрау баланың психологиялық күй-жайын білдіреді, себебі оны өзі біліп, жасап отыр, - дейді ол.

Педиатр тіс қайраудың себептеріне тоқталды.

Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Ол медицинада толық зерттелмеген. Дегенмен көп жағдайда ата-анасының біреуінде бұл құбылыс болса, баласында да қайталанатын көрінеді. Сонымен қатар ұйқы режимінің дұрыс болмауы, ересектердің 8 сағаттан, балалардың 10-12 сағаттан кем ұйықтауы да әсер етеді. Кейде бала күйзеліске түсіп, жүйке жүйесі шаршағаннан да болуы мүмкін. Бала психологиясында өзгеріс болуы мүмкін. Ата-анасының ұрысы, үйдегі немесе мектептегі басқа да көп проблема балаға әсер етеді, - дейді Жайна Батырханқызы.

Ол нәрестелердегі бруксизмнің болуы, ол көбіне тісінің шығуымен байланысты екенін айтты.

Ұйықтайтын кезде жоғарғы және төменгі жақтың дұрыс жабылмауынан да бала тіс қайрауы мүмкін. Тістүйістің дұрыс болмауы да бруксизмнің себептерінің бірі болып табылады. Негізінен 3-6 жас аралықтарында балада тістүйіс қалыптаса бастайды. Сол кезде төменгі жақ пен жоғарғы жақ тістері теңеседі немесе бір бірінің үстіне шығады. Жақ сүйектерінің дұрыс қалыптаспауы салдарынан немесе қандайда бір жарақаты салдарынан болуы мүмкін, - деп түсіндірді дәрігер.

Сондай-ақ маман бруксизмнің зиянды тұсы, тістің эмалына зақым келтіріп, тістердегі ауру сезімін тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

Бруксизмнің емі себебі бойынша жүргізіледі. Тістеріне зақым келтірмеу үшін, бала тісіне арнайылап жасалған каптарды кигізіп қоюға болады. Оны стоматологтар жасап береді немесе дайын түрін сатып алуға болады, - дейді бала дәрігері.

Бала неге тісін қайрайды?
Өзгелердің жаңалығы