"Баку-Алматы" бағытындағы әуе рейсінен үш үндістандық түсірілді

8 Қараша 2019, 08:45
1860
Бөлісу:
"Баку-Алматы" бағытындағы әуе рейсінен үш үндістандық түсірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне "Эйр Астана" АҚ әуе компаниясының өкілінен "Баку-Алматы" бағытындағы әуе рейсінің бортында құқық бұзушылар бар екені туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өтініш берушілердің айтуынша, шетелдік азаматтар әуе кемесінің бортындағы тәртіп ережелерін бұзып, экипаж мүшелерінің ескертулеріне құлақ аспаған, осылайша аталған әуе рейсінің басқа да жолаушыларына ыңғайсыздық туғызған.

Тексеру барысында Үндістан Республикасының 34, 40 және 41 жастағы азаматтары анықталды.

Олар мән-жайды анықтау үшін жоғарыда көрсетілген әуе рейсінен акт бойынша түсіріп алынды.

Одан кейін көлік полицейлерімен ҚР ӘҚБтК 566-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып (әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу), әрқайсысына 3 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы