Баға жетпес тәжірибе: Атамқұлов еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі жайлы айтты

4 Наурыз 2019, 11:33
1722
Бөлісу:
Баға жетпес тәжірибе: Атамқұлов еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі жайлы айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет сағатында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп берді.


«2018 жылғы 31 желтоқсанда біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктелген Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы - Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелігімізді аяқтадық. Қазақстан өз миссиясын абыроймен орындады деп нық сеніммен айта аламын. Біз Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдықтарды іске асырдық. Ал еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Президенттің 24 шетелдік, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапарлары өтіп, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік лидерлермен көптеген келіссөз өткізілді. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дипломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды», - деді Мәжіліс үйінде Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік органдармен бірлесіп үлкен практикалық жұмыс атқарды.

«Қазақстан делегациясы күн сайын Кеңестің негізгі жалпы саяси іс-шараларына, сонымен бірге 22 қосалқы органының, атап өтсек, 15 комитеттің, 6 жұмыс және 1 үйлестіру тобының әрқайсысының отырыстарына қатысты. Екі жыл ішінде біз Қауіпсіздік Кеңесінің мыңнан астам ашық және жабық отырысына, мүшелердің 40-қа жуық бейресми кездесуіне, Кеңестің 20-дан астам көшпелі іс-шарасына қатыстық. Кеңес Төрағасының 115 қарары мен 48 мәлімдемесінің қабылдануына үлес қостық, 22 рет Кеңес құжаттарының тең авторлары болдық. Біріккен Ұлттардың басты органындағы қауырт жұмыстың сынынан Ұйым жанындағы Қазақстан тұрақты өкілдігінің қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге Орталық аппарат пен шет елдердегі мекемелердің 100-ге жуық дипломаты, басқа да мемлекеттік органдардың 70-тен астам қызметкері өтті. Біз сондай-ақ 30-дан астам қазақстандық сарапшы мен журналисті Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен таныстырдық. Бұл баға жетпес тәжірибе», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы